Балтық аймағында алғаш рет тоғызқұмалақтан жарыс өтті

0
04 Желтоқсан 2018, 08:57 89 0

Астана, BAQ.KZ. Олайнеде (Латвия) қазақтың зияткерлік ұлттық ойыны – тоғызқұмалақтан Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай жарыс өтті. Сайысты ҚР Литва және Латвиядағы елшілігі, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және Олайне қаласы әкімшілігі ұйымдастырды.

Жарысқа 20 спортшы қатысты. Спортшы С. Ақтаев мыңжылдық тарихы бар ойынның қыр-сырымен таныстырып, стратегия құру мен жылдам жеңіске жету тәсілдерімен бөлісті.

Сайыс нәтижесінде ересектер арасында 1-орынды С. Ақтаев (Қазақстан), 2-орынды Д.Липина (Латвия), 3-орын Д. Козлов (Латвия) алды.

Ұлдар арасында: 1-орын Д. Липин (Латвия), 2-орын Д. Козлов, 3-орын Д. Раминиш.

Қыздар арасында: 1-орын В. Чагина (Латвия), 2-орын E. Чагина, 3-орын M.Гетманюк иеленді.

Елшілік пен Федерация жарысты жыл сайын өткізіп, оның ауқымын кеңейтуді жоспарлауда. Латвиядағы тоғызқұмалақ спорты бойынша секция Л. Азимова басшылығындағы «Логика» интеллектуалды үстел ойындары клубының базасында құрылған.

Латвиялықтар қазақ мәдениеті кеші аясында Қазақстанның табиғаты туралы фотокөрме мен ұлттық биді тамашалап, қазақша дастархан мәзірінен дәм татты. Олар Қазақстан туралы викторинаға қатысып, оның аясында Президент Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі мазмұнымен танысты. Латвиялық мектеп хоры қазақстандық тарапқа сыйлық ретінде «Дударай» ұлттық әнін орындап берді.

Тоғызқұмалақ тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Германия, Чехия, Франция, Швейцария және тіпті Колумбия сияқты әлемнің көптеген елінде де танымал.

Қазақстанда тоғызқұмалақпен екі жүз мыңнан астам адам шұғылданады. Келесі жылы Түркияда тоғызқұмалақтан кезекті V әлем чемпионаты өтеді.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ