Абдул Ахад Андижан: Нағыз әлемдік лидер

0

Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы республика билігін қолына алған кезде (Компартия орталық комитетінің бірінші хатшысы – ред.) Кеңес Одағы ыдырай бастады. Сол жылдары оның КСРО орнына славян мемлекеттерінің одағы емес, ұлт пен нәсілшілдікке бөлінбейтін, өңірдегі басқа мемлекеттерді де қамтитын Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығын құруға күш салғанын көреміз. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың үл­кен көрегендігі еді. Өйткені бұ­рынғы Одақтың орнында, сол кез­де болжанғандай, славян мем­ле­кеттері бірігіп, ал Орталық Азия­дағы түркі­тілдес республикалар өз алдына одақтасар  болса, Қа­зақстан да екіге жарылып, жағдай ушығып кеткен болар еді. Нұрсұлтан Назарбаев сол кездің өзінде сарабдал саясат жасап, алыстан орады.

Никита Хрущев науқан­шы­­лықпен жүргізген «тың және тыңайған жерлерді игеру» жо­басының салдарынан Қазақ­стан­ның солтүстігіндегі Пав­лодар, Петропавл тәрізді 8-9 облыста славян текті ұлт өкіл­дері саны жағынан біршама ба­сымдыққа ие болып тұрған еді. Кеңес Одағы ыдырағанда Қа­за­қ­станда 34 пайыз ғана қазақ тұ­ратын.

Ол аз болса, Кеңес номенкла­турасына қарасаңыз, басшы­лық­тағы кадрлардың көпшілігі, әсіресе партия хатшыларының басым бөлігі өзге ұлттардан бол­ғанын, қазақтардың төменгі қыз­мет саты­ларында жүргенін көру­ге бола­ды. Кеңес Одағы дәуірінде Қа­зақ­станның «халықтар дос­­ты­ғының зертханасы» деп ата­латыны содан еді.

Қазақ даласына тың жерлерді игеру үшін негізінен түрлі айып тағылған адамдар айдалды. Со­ны­мен қатар И.Сталиннің тұсында бұл жер «халық жаулары» жаза­сын өтейтін лагерьге айналды. Осы­лайша елдің этностық құра­мы өзгеріске ұшырады.

Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста осылайша жан-жақ­тан жиналған өзге ұлт өкіл­дері­нің қандай ниетте болатыны белгілі. Оның үстіне жан-жақтан аран­датушылық мәлім­­демелер жасап, қоқан-лоқы көрсеткен саясат­керлер де бол­ды. Осындай жағ­дайда елдің тұтас­тығы мен тыныш­тығын  сақ­­тай отырып, қарқын­ды даму­­дың жолына бет бұру – айрық­­ша даналық пен білікті­лікті талап еткені даусыз. Сон­дықтан да мен Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың өз халқы­на жасаған ең үлкен қыз­меті – осы тәуелсіз­­діктің елең-алаңын­да мемлекет­­тің іргесін бүтін сақ­тап, елде ты­ныш­тықты орнық­тыра білгені дер едім.

Бәрімізге белгілі, тамыз төң­к­­ерісі кезінде де Нұрсұлтан Назарбаев өз ұстанымын батыл әрі ашық білдіре алды. Нағыз лидерге тән мінез көрсете білді.

Сондай-ақ Елбасының Қазақ­стан аумағындағы ядролық қару­ларды тазартудағы еңбегі әлем жұртшылығы алдында Қа­зақ­станның беделін биіктеткен қа­дам болғаны анық. Осылайша ол Қазақстанды Кеңес Одағы­ның орнында пайда болған мем­ле­кеттердің алдыңғы қатарын­да әлемді мойындатып, жұрт­шы­лықтың құрметіне бөленген елге айналдыра алды. 

1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы  мін­берінен Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты мақсат еткен АӨСШК (Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес) ұйымын құруды ұсынды. Н.Назарбаевтың бұл бастамасы БҰҰ тарапынан толық қолдау тауып, іргелі халықаралық ұйым кереге кер­ді. Бүгінде ол отызға жуық мем­лекеттің басын қосатын ықпалды халықаралық институт. 

Оның әлемдік саясат аре­насындағы үлкен істері мұнымен бітпейді. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, Астана қаласында оның саммитін өткізді. Бұрын мұндай ірі халықаралық ұйымға ешбір түркі мемлекеті немесе бұрынғы кеңестік кеңістік елдері басшылық жасап көрмеген еді. Қазақстан осы істі де көреген көшбасшының жетекшілігімен абыройлы атқарып шықты. Осы тұрғыдан біз оның нағыз әлемдік ауқымдағы лидер екенін мойындаймыз.

Елбасының тағы бір ерлігі – ел астанасын Алатаудың баурайынан Арқаның төсіне көшіруі болды. Санаулы жылдардың ішінде ғана бұрынғы Ақмола дейтін шағын қала бүгінде әлемге әйгілі алып шаһарға, түркі дүниесі мақтаныш ететін көркем елордаға айналды. 

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың осындай ерлікке бергі­сіз істері көп. Ол шын мәні­сін­де түркі әлемінің ортақ мақ­та­нышына айналған тұлға. Оның Орталық Азия елдерінің одағын құру туралы ұсынысы барша түр­кі әлемі үшін маңызды деп біле­мін. Меніңше, түркі әлемі инте­грациясының алтын арқауы – Қа­зақстандағы киелі Түркістан қа­ласы. Бұл туралы көп жылдан бері мен де, басқа бірқатар әріп­тес­теріміз де жазып келеді. 

Абдул Ахад АНДИЖАН,

Түркия Республикасы Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты, профессор