Берлинде өткен Ислам конференциясында қонақтарға доңыз еті тартылды
Берлинде Германияның Федералды Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен өткен 12-ші Неміс Ислам конференциясында қонақтарға доңыз етінен және қанынан жасалған шұжық ұсынылған. Бұл жайлы Батыс Германия радио және теледидар қауымдастығының журналисі Тунжай Өздамар өзінің Twitter парақшасында хабарлады.
«Германияның Ішкі істер министрлігі мұнымен не дегісі келіп тұр? Доңыз етін жемейтін мұсылмандарға құрмет қайда?» – деп жазған Тунжай Өздамар барлық батыс бұқаралық ақпарат құралдарының бұл мәселеге назарын аударды. Бұл жазбадан әлеуметтік желідегі пікірлер де екіге бөлінді. Біреулер қонақтарға доңыз етінің ұсынылуы жөн болмады десе, енді біреулер қонақтардың тек мұсылмандар ғана емес, басқа да дін өкілдері болғанын, олардың да талап-тілектері ескерілгендігін айтып, ұйымдастырушыларды ақтауға тырысты. Жасылдар партиясының өкілі Волкер Бэк: «Әртүрлі дін, әртүрлі ұлт болғандықтан олардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын да ескеру керек еді», – деді.
Дау-дамайдың артынан Федералды Ішкі істер министрлігі де мәлімдеме жасады. Twitter парақшасы арқылы жасалған мәлімдемеде буфетте 13 түрлі тамақтың болғандығы және ас дайындау барысында әртүрлі дін өкілдерінің мәселесі де назардан тыс қалмағандығы айтылған. Мәлімдеменің соңында «Кейбір адамдардың діни сезімдеріне тиген болсақ, өкініш білдіреміз», – деп кешірім сұрады.
Бұған қоса конференцияға қатысушылардың бірі болған Солтүстік Рен-Вестфалия аймағының депутаты Али Баш доңыз етінің сыртында этикеткасының да болмағандығын тілге тиек етті. Уатсон интернет платформасында сөз сөйлеген Жасылдар партиясының депутаты этикетканың жоқтығынан кейбір қатысушылар доңыз етіне қол созып, абырой болғанда қызметкерлерден сұрап, доңыз еті екенін білгендіктен қолдарын тартқандығын айтқан.
2013-2017 жылдар аралығында Федералды депутат болған Жасылдар партиясының өкілі Өзжан Мутлу да Twitter парақшасынан Ішкі істер министрлігінің бұл әрекетін сынға алды. «Ислам Конференциясында дастарханға доңыз етін қойып, кейін «түсініспеушіліктер болды» деп ақталғандар Ислам конференциясына қатысушыларды ақымақ етіп қана тұрған жоқ, ашық саналы тұрғыда арандатушылыққа бастап тұр», – деді ол.