Нұрымбетов зейнет жасын төмендету туралы ұсынысықа жауап берді
Көрші елдер зейнет жасын ұлғайтып жатыр, ал Еуропада, басқа да дамыған елдерде зейнет жасы біздікімен салыстырғанда бұрыннан жоғары, дейді министр
Қазақстан үкіметі экономикалық-демографиялық жағдайларды ескеріп, қазіргі таңда зейнет жасын төмендету мәселесін қарастырып отырған жоқ. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Әлемдік тәжірибені ескеріп, өзіміздің экономикалық, демографиялық жағдайларға сүйене отырып, бүгінгі таңда үкімет тарапынан зейнет жасын төмендету мәселесі қаралып отырған жоқ», — деді Нұрымбетов онлайн брифингте.
Министрдің айтуынша, қазір елімізде 65 жастан асқан азаматтардың саны көбейіп жатыр. Егер бес жыл бұрын 6,8 процент болса, биыл 7,7 процентке жетті.
«Әлемде бұдан да жоғары, Мәселен, Америкада 16-18%, Еуропада 20%, Ресейдің өзінде 15,5%. Сондықтан әлемдегі трендтерді ескеріп, бүкіл ел қайта зейнет жасын ұлғайтып жатыр. Еуропада, басқа да дамыған елдерде зейнет жасы біздікімен салыстырғанда бұрыннан жоғары», — деді ол.