Колонияда трансген әйелді зорлаған ҰҚК экс-қызметкері сотталды
Алматы облысында трансгендер Виктория Берікқожаеваның зорлануына қатысты сот үкімі шықты.
Іле аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша айыпталушы кінәсін мойындамай, оны ақтауды сұрады.
«Алайда сот барлық дәлелдемені зерттеп, зорлық-зомбылық әрекеттері жасалғанын анықтады, сондай-ақ оны азаптау әрекеті деп таныды. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындысы бойынша дәлелденді», — делінген сот хабарламасында.
Заңға сәйкес жаза қылмыс жасалған кезде қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес тағайындалады. Қылмыс 2019 жылы осы қылмыстар үшін жазаны күшейтуге дейін жасалған.
«Сот үкімімен сотталушыға 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот шартты түрде соттаудың немесе жеңілірек жазаны қарастырмады. Сотталушы майор арнайы атағынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», — дейді соттың баспасөз қызметінің өкілдері.