Қазақстан жастарының 40 пайыздан астамы шетелге кетуді жоспарлауда — зерттеу

0

Қазақстанның коммунистік халық партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының екінші хатшысы Ділдә Майданбекова жастар трендін зерттеу аясындағы сауалнама нәтижесін жария етті.

«Егер демографиялық көрсеткіштерге қарайтын болсақ, халық саны артып келеді. Бүгінде бізде 18,6 млн-нан астам адам бар. Халық саны табиғи өсім есебінен артуда. Дегенмен елден жастардың кетуінің арта түсуі алаңдатарлық жайт болып отыр. Жастар трендтін зерттеу аясындағы сауалнама мәліметтеріне сәйкес, олардың көпшілігі Қазақстаннан кетуді жоспарлауда. Нақтырақ айтар болсақ, 15 пен 29 жас аралығындағы қазақстандықтардың шамамен 42 пайызы шетелге оқуға немесе тұрақты тұруға кетуді жоспарлап жүр», — деді ол «Ақылды жастардың шетелге кетуі. Себептері және оған қалай қарсы тұруға болады?» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында.

Оның мәліметінше, шетелде тұрып білім алып жатқан жастардың жартысына жуығы сол жақта қалып қояды. Ал шамамен 40 пайызы қызықты жұмыс ұсынған жағдайда Қазақстанға оралуы мүмкін.

«Қазақстанда өмір сүретін орта жастағылар ортаға жақсы бейімделген. Ал мемлекеттік қызметте, ірі бизнесте өзіне орын жоқ деп санайтын жастар өзге елдерге назар салып отыр.

Көші-қон көңіл-күйін айқындайтын негізгі факторлар мыналар: өзінің материалдық әл-ауқатын жақсарту, келешектің, мансап жолында жоғарылау мен дамудың жоқтығы, шетелдегі білім беру қызметтерінің жоғары сапасы», -деді Ділдә Майданбекова.

Оның атап өтуінше, Қазақстандағы орта және жоғары білім сапасындағы проблема қаржыландыру деңгейімен тікелей байланысты болып отыр. «Мәселен, 2016 жылы жоғары білім беруге арналған мемлекеттік бюджеттік шығыстары күндізгі бөлімде оқитын бір студентке 504 долларды құрады.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл көрсеткіш Ресейде 8,8 мың, Қытайда 3 245, Түркияда 3 590, Оңтүстік Кореяда 9 656, АҚШ-та 11 319 долларды құрайды», — деді ол.

inform.kz