Кедергісіз өмір келешегі | «Айқын» газеті
Кез келген қоғамның даму деңгейін мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдайға қарап анықтауға болады. Осы тұрғыдан келгенде, елімізде көптеген игі бастамалар жүзеге асырылып жатыр. «Нұр Отан» партиясы да дәл осы бағытта мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше қажеттіліктерді талап ететін азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін бұл бастаманың оң әсері байқалды.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша ерекше білім алу қажеттіліктері бар 144 783 бала болса, оның ішінде 96 555 бала – мектеп жасында. 48228 бала – мектепке дейінгі жаста. «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігі осындай балалардың арасында өмір сүру құндылықтарын дәріптеп қоймай, рухы мықты жандарға құрмет көрсетуді, төзімділікті, қажырлықты, табандылықты насихаттап келеді.
«Бұл жобаны жүзеге асыру барысында негізінен төрт басымдықты ерекше атап өткен жөн. Оның біріншісі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта қалыптастыру болса, екіншісі олардың инклюзивті білім алуларына ықпал ету. Үшіншіден, жұмысқа орналасуларына қолдау көрсету. Төртіншісі –мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Біз осылардың ішіндегі соңғысына ерекше мән береміз. Бұл бағыт бойынша нақты іс-шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстар басталып кетті», – дейді «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұргүл Ұлжекова.
Жақында ғана «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» және «Астана – рухы мықтылар қаласы» жобалары аясында мүмкіндігі аз азаматтар үшін басқалармен бірдей тіршілік етуге, кедергісіз орта құруға бағытталған қалалық спартакиада өтті.
Бүгінде бас қаламызда мүмкіндігі шектеулі 382 тұлға бейімделген спорт түрлерімен тұрақты айналысса, 145 бала осындай спорт үйірмелеріне қатысады.
«Спартакиада «Нұр Отан» партиясымен бірге Астана қаласы әкімдігінің, «Бочча» паралимпиадалық спорт федерациясының, «Жігер» спорт клубының және «Каспий» спортты дамыту қорының және біздің атсалысуымызбен өтті. Сайысқа 200-ден астам спортшы қатысып, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, отырып ойнайтын волейбол, «64» дойбысы, пауэрлифтинг, голбол, бочча және шахматтан сынға түсті. Сонымен қатар спартакиада аясында «Бочча» паралимпиадалық спорт федерациясының ресми түрде ашылғанын атап өткен жөн. Бұл спорт – тірек-қимыл аппараты бұзылған, ДЦП ауруының ең ауыр түріне шалдыққан жандарға спорттық бәсекелерде бақ сынауға мүмкіндік беретін сайыс түрлерінің бірі. Боулинг пен петанка сияқты бочча да – доппен ойналатын командалық сайыс. Ол ойыншыларды дәлдікке, ширақтыққа баулиды» дейді «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұргүл Төленқызы.
Бұл спартакиада Паралимпиадалық жаттығу орталығында өтті. Бірегей спорт кешенінің залдары мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып жабдықталған. Мұнда әмбебап, бейімделген жаттығу залы, спорт ойындарына арналған бөлек зал және жекпе-жек залы бар.
Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен Астанадағы №83 мектеп-гимназияда мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Тең мүмкіндіктер әлемі» атты І балалар инклюзивті спорт фестивалі өкізілгенін айта кету керек. Бұл шараға дені сау балалармен қатар ДЦП, Spina bifida, даун синдромы, аутизм спектрі бұзылған, есту қабілеті нашар, кохлеарлы импланты бар және көру қабілеті нашар балалар да қатысты.
Фестивальге қатысқан әр баланың болашаққа деген сенім жарқыраған жанарынан көрініп тұрды. Мүмкіндігі шектеулі балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау, қоғамда қалыптасқан стереотиптерді бұзу мақсатында ұйымдастырылған спорттық сайысқа 70-тен астам бала қатысты. Фестивальде сырқаты барлар мен дені сау балалардың арасындағы бөгет бұзылып, олардың спортпен тең дәрежеде айналысу құқтары жүзеге асырылғандай болды. Бочча, бейімделген жүзу, паракаратэ, паратаэквондо, хореография сияқты инклюзивті спорт секцияларының оқушылары спорттағы жетістіктерін бір алаңда көрсетті.
«Көздеген мақсатымызға ерекше білім беруді қажет ететін балалардың өмір сүру сапасын жақсартып, инклюзивті спорт секцияларын құрып және Астана қаласында бейімделген спорт түрлері бойынша спорт секцияларының моделін тарату арқылы жетсек дейміз. «Саламатты Қазақстан» жобасы шеңберінде қазіргі уақытта 100 бала қатысатын инклюзивтік бейімделген спорт секциялары ұйымдастырылып, жұмыс істейді. Бұл жобаға даун синдромы, аутизм және дамуындағы басқа патологиялармен бірге есту және көру қабілетінің бұзылуы диагнозы қойылған балалар қатысады. Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен бірге сау балалар да жаттығады. Бейімделген спортпен айналысу үшін тең жағдай жасалады. Осылайша, жоба балалық шақтан ерекше білім беруді қажет ететін адамдарға төзімділік танытуға көмектеседі. Себебі балалар бір-бірімен тең дәрежеде араласады. Бүгінгі таңда адаптивті каратэ, паратаэквондо, жүзу, хореография, бокс және голбол секциялары бар. Осылайша кедергісіз өмір келешегін жасасақ дейміз» дейді Нұргүл Ұлжекова.
Гүлжан РАХМАН