Белгілі журналист қазақты маймылға теңеген Божконың үстінен арыз жазғанын айтты
Қазақты һәм қазақ тілін маймылға теңеген Божконың үстінен арыз жазып, Президент Әкімшілігінің Азаматтарды қабылдау жобалық кеңсесіне тапсырдым. Қолымнан келгені сол болды.
Басқаша жолмен шешетін 90-жылдар емес қой. Біз Заң үстемдік құратын мемлекетке айналуымыз қажет. Бәріміз де Заң алдында тең болуымыз керек.
Шағым хаттың мәтінін өзгеріссіз жариялап отырмын.
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа!
Аса құрметті Президент мырза!
Сіздің «еститін мемлекет» құру, әділетті қоғам орнату жолындағы бастамаларыңыз бен қадамдарыңызды қазақ елі айрықша ықыласпен қабылдап, осы бағытта атқарылып жатқан істердің нәтижелерінен зор үміт күтіп отыр. Мұны бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана емес, әлеуметтік желілерден де айқын аңғаруға болады. Ал әлеуметтік желі іс жүзінде бүгінгі қоғамның тамыр соғысын, мұң-мұқтажы мен талап-тілегін тап басып көрсететін айнасына айналып келеді.
Осы орайда, қазақ қоғамындағы ең үлкен әділетсіздік қазақ тіліне жасалып отырғаны да әлеуметтік желілерде жиі талқыланатын тақырып екенін айта отырып, мына мәселеге назар аударуыңызды сұраймын.
Күні кеше әлеуметтік желілер мен түрлі месенжерлерде бейне жазба тарады. Сондағы бейнежазба кейіпкері қазақ тілін мазақ етіп, бүтін бір ұлттың намысына тиді. Қазақ тілін «маймылдар тілі», оны үйреніп қажеті қанша деп келемеждеді. Бұл жағдай Қазақстанның азаматы ретінде менің де жеке ар-намысымды қорлау, ожданымды аяққа таптау деп түсінемін. Біздің елде ұлтына, тіліне, дініне қатысты кемсітуге, осы негізде ұлтаралық араздықты қоздыруға заңмен тыйым салынған.
Менің тілім – менің ар-ұятым, оны ешкімнің де мазақтауға, қорлауға хақысы жоқ. Бұл менің Ата заңмен бекітілген құқықтарым. Сондықтан осы елдің Президенті әрі азаматтардың конституциялық құқықтарының кепілі ретінде Сізден сілтемеде көрсетілген (https://www.facebook.com/ddos.attack.77/posts/1437452943111030) бейнежазба бойынша кінәлі азаматтың заң жүзіндегі қатаң жазадан бұлтарып кетпеуін сұраймын.
Өйткені, дәл осындай бейнежазбалар бұрын да бірнеше рет болған, бірақ ондағы кейіпкерлер қайыра бейнежазба түсіріп, кешірім сұрау арқылы жеңіл құтылып кетті. Сол себепті де ұлтымызды, тілімізді қорлайтын осындай жазбалар тыйылмай отыр. Екінші жағынан, бұндай жағдайға барлық жиналысты тек орыс тілінде өткізетін өзіміздің Үкімет пен министрліктер себепкер. Жағдай бұлай жалғаса берсе, халық тілегі ескерілмесе, қазақ қоғамын екіге бөліп тұрған сызат кеңейе беретіні айдан анық. Мұны көрмеу, мойындамау болжап болмайтын салдарларға соқтырады.
Сізге деген құрметпен әрі зор үмітпен,
Айдос Жұқанұлы