Жаһандық бедел, табысты қадам
Жауапкершілік жүгі
Қазақстанның БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшесі болуы еліміздің сыртқы саясаттағы тарихи үлкен жеңісі екені сөзсіз. Ал мемлекетіміздің аталған ұйымға төрағалық етуі халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанға деген берік сенімін білдірсе керек.
Қазақстан өзінің тиімді іс-қимылымен, әлемдік ауқымдағы маңызды шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруымен және басқа да оңтайлы бастамаларымен өзгелердің өзіне деген жағымды көзқарасын, оң бедел-бейнесін қалыптастырған мемлекет. Осы орайда еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2018 жылдың қаңтар айында төрағалық еткен кезеңде Қазақстанның бастамашылығымен жүзеге асырылған игі шараларға қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік.
Қазақстан БҰҰ ҚК-дегі қызметінің бірінші жылын табысты аяқтап, осы ұйымдағы екінші жылын Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде бастағаны белгілі. Беделді ұйымға бір ай көлемінде жетекшілік жасаған еліміз жаһандық ауқымда өзара сенім мен татулықты нығайтуға, болуы мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша және күн тәртібінде тұрған өзге де өзекті мәселелерді еңсеруге қатысты бірқатар игі шаралардың жүзеге асуына мұрындық болды. Бұл өз кезегінде әлемді толғандырып, ойландырып отырған кесірлі, кең ауқымды түйткілдерді оңтайлы шешу үдерістеріне бар мүмкіндігінше атсалысып келе жатқан еліміздің сыртқы саясаттағы әлеуетін көрсетті.
Қазақстан аталған Кеңестегі төрағалық қызметін бастаған кезде өзінің тиімді бағдарламасын ұсынды. Ол шетелдік дипломаттардың, нақтылай айтқанда, Кеңеске мүше мемлекеттердің өкілдері тарапынан қолдау тапты. Бұл бағдарлама еліміздің БҰҰ ҚК-ге жетекшілік жасаған кезеңде өзінің әлеуетін танытып, алға қойылған мақсаттарды өз деңгейінде іске асырудың жүйелі жоспары бола білді.
Қазақстанның нақтыланған жоспар негізінде жасаған іс-қимылы, Кеңеске қатысушыларды игі іске жұмылдыру, басты мәселелерге назар аударту шаралары әлемдік қауіпсіздікті нығайту ісіне едәуір серпін берді.
Тарата айтар болсақ, еліміздің ұйымдастыруымен БҰҰ ҚК Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның отырысы өтіп, онда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қарусыздандыру мәселелері бойынша Жоғары өкіл Изуми Накамицудың «Сириядағы химиялық қаруды жою бағдарламасындағы прогресс» атты маңызды баяндамасы ұсынылды. Сондай-ақ жиынға қатысушылар Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның жұмысын кеңінен талқылап, күн тәртібінде тұрған шетін мәселелер бойынша пікір алмасты. Осы басқосуда Сирия дағдарысын реттеу мақсатындағы көпжақты келіссөздер үшін өз платформасын ұсынған Қазақстан жағы Сирияда химиялық қаруларды қолдану қауіп-қатерін түбегейлі жоюдың аса маңызды екенін қозғады.
Сондай-ақ БҰҰ ҚК-де Қазақстанның басшылығымен Конго Демократиялық Республикасындағы жағдайға бағытталған тиімді шаралар ұйымдастырылды. Өздеріңізге белгілі, аталған елде соңғы 20 жыл ішінде әртүрлі қарулы қақтығыстар орын алып келеді. Бұл жағдай әлі де жалғасуда. Конго еліндегі кикілжіңді реттеуге байланысты ҚК қарарларына сәйкес, БҰҰ тұрақтандыру миссиясы құрылды. Бұдан бөлек, ҚК төрағасы ретінде Қазақстан 2018 жылдың 13-15 қаңтар аралығында БҰҰ ҚК мүшелерінің сапарын ұйымдастырғанын айрықша атап өтуге болады. ҚК тарапынан Ауғанстанға соңғы жеті жыл ішінде мұндай сапар бірде-бір рет жүзеге асырылмаған еді. Сапар шеңберінде БҰҰ ҚК Ауғанстанды көршілес мемлекеттермен, әсіресе Орталық Азия елдерімен аймақтық саяси-экономикалық әріптестікті нығайта түсуге шақырды. Аталған сапар 2010 жылдан бері алғаш рет ҚК мүшелеріне Ауғанстан билігінің күш-жігерін және елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге арналған халықаралық қоғамдастықтың көмегін талдауға, бағалауға мүмкіндік берді.
Ізгілікке үндеген бастамалар
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде болған «Жаппай қырып-жоя-
тын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбында өткен ҚК-нің алқалы жиыны Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігінің және төрағалығының маңызын жоғары деңгейге шығарды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес мүшелеріне арнап арнайы мәлімдеме жасады, сондай-ақ БҰҰ-ның Бас хатшысы А.Гутерриштің баяндамасы тыңдалды.
Мемлекет басшысы бұл халықаралық ауқымдағы басқосуда: «Орталық Азияның бұл мәртебелі қызметтегі бірінші мемлекеті ретінде біз өңіріміздегі халықтардың Дүниежүзілік ұйымның осы маңызды «үніне» айналдық. Біз Кеңестің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге қатысу барысында барынша белсенді, конструктивті және әділ болуға тырыстық. Ауғанстан/Талибан, ИЛИМ/ДАИШ, Әл-Каида және Сомали/Эритрей жөніндегі комитеттерді басқара отырып, олардың жемісті қызмет етуіне өз үлесімізді қосып келеміз», деді.
Жалпы, аталған жиын туралы кезінде әлемдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген ақпараттар берілгенін ескере отырып, қысқаша айтар болсақ, осы басқосуда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы – Қазақстанның аймақтық деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдырмау жөніндегі мәлімдемесі қабылданды. Онда қазіргі таңдағы халықаралық маңызды мәселелер, оларды шешу жолдары көрсетілген-ді. Осы арада айта кетуіміз керек, саяси міндеттеме жүктейтін халықаралық акт ретіндегі мұндай маңызды құжат БҰҰ ҚК шежіресінде алғаш рет қабылданды.
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Қазақстанның БҰҰ ҚК-ге төрағалығы аясында 2018 жылдың 18 қаңтарында ұйымның штаб-пәтерінде Елбасының бастамасымен «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі» кодексінің алғашқы жобасын таныстыруға арналған шара өтті. Жоғары деңгейлі жобаны таныстыру мен оны талқылауға БҰҰ-ның 100-ден аса мүше елдерінің делегациясы қатысты. Осы талқылау барысында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Контртеррористік басқарма басшысы Владимир Воронков пен БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчаның баяндамалары тыңдалды.
Шарада В.Воронков еліміздің әлемдік қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету бағытындағы үлесін, күш-жігерін жоғары бағалай келіп, БҰҰ ҚК-дегі Қазақстанның белсенді қызметін, табысты төрағалығын, сондай-ақ террористік топтарға қарсы күрес ісіне байланысты үш санкциялық комитетке жоғары деңгейде жетекшілік жасағанын атап көрсетті.
Негізгі міндет – қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Бұлардан бөлек, Қазақстанның басшылығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азияда өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында пікірталастар өтті. Оған Орталық Азия елдері сыртқы істер министрліктерінің басшылары мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері, БҰҰ Бас хатшысы және Ауғанстан Сыртқы істер министрінің орынбасары қатысты. Жиында Қазақстан Сыртқы істер министрі Елбасының БҰҰ ҚК-ге арнаған саяси Үндеуіндегі жеті басымдықтың бірі – Орталық Азия мен Ауғанстанды бейбітшіліктің, ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің үлгілі аумағына айналдыру болып табылатынын айтса, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның өңірлік бастамасына жоғары баға берді әрі су ресурсын басқару, энергетика, инфрақұрылым мен білім саласындағы бастамаларға қолдау білдірді. Осы орайда А.Гутерриш Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың еліміздегі оқу орындарында 1 мыңға жуық ауған жастарын оқыту бастамасына ризашылығын жеткізді.
Айтулы шарада ҚК-ге мүше мемлекеттердің лауазымды тұлғалары Ауғанстандағы тұрақтылықты нығайту үдерісіне еліміздің жұмсаған күш-жігеріне лайықты бағасын берді. Жиын соңында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы – Қазақстанның Мәлімдемесі барлық мүшелердің бірауыздан қолдауына ие болды.
Бұдан бөлек, Қазақстанның төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Малидегі мәселелерге арналған ашық брифинг, «Таяу Шығыстағы жағдай, оның ішінде Палестина мәселесі» тақырыбында ашық пікірталас және басқа да бірқатар шаралар ұйымдастырды.
Қорыта айтқанда, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық жасаған кезеңде өзінің міндеттемелерін толық орындап, халықаралық қоғамдастықтан жоғары бағасын алды. Бұл еліміздің әлемдік аренадағы беделін одан әрі арттыра түсті. Әрине мұның барлығы Н.Назарбаевтың әлемдік қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету саласында ұстанған саясатының арқасында мүмкін болды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»