Тоқаев Зеленскийге көңіл айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскийге көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Украинаның Харьков облысында ұшақ апаты салдарынан әскерилердің қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
«Орны толмас қайғыға ортақтаса отырып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болған курсанттардың туған-туысқандарына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларымен қауышуына тілектестік білдіремін», – делінген жеделхатта.Владимир Зеленский Украинада 26 қыркүйек аза тұту күнін жариялады. Қайғылы оқиғаның себебі анықталғанша Ан-26-ның ұшуы тоқтатылды.
Ан-26 әскери ұшағы 25 қыркүйек жергілікті уақыт бойынша сағат 20:50 шамасында Чугуев қаласының маңында, әскери әуежайдан екі шақырым жерде апатқа ұшырады.
Ұшақтың ішінде 27 адам болған — әскери ұшқыштар мен курсанттар. Апаттан кейін Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі 25 адамның қаза болғанын хабарлады. Кейін тірі қалған екі курсанттың бірі көз жұмған.