Баспана алудың жаңа мүмкіндігі | «Айқын» газеті
«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» іске асырылуын бақылау бойынша өңірлік Қоғамдық кеңес төрағаларының, аймақтық партия филиалдары төрағалары бірінші орынбасарларының қатысуымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасын іске асыруды бақылау жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.
Басқосуға «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» іске асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы, жұмыс тобының жетекшісі Қаныбек Жұмашев, «Баспана» ипотекалық компаниясы Басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков, Банк омбудсмені Ерсерік Сиырбаев, Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Качаков қатысты.
Жиында «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасын тиімді іске асыруға бағытталған «7–20–25» бағдарламасын жүзеге асыру және аталған бірінші бастаманы өңірлерде тиімді іске асыру туралы күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралды.
Кездесуді жүргізген «Нұр Отан» партиясының хатшысы, жұмыс тобының жетекшісі Қаныбек Жұмашев басқосудың маңызына тоқталды.
– Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты «7–20–25» бағдарламасының өңірлерде тиімді жүзеге асуының және туындаған мәселелерді шешу жолдарын талқылау тиісті ұсыныстарды қабылдау. Өздеріңізге белгілі, бірінші бастама бойынша жұмыс тобының бірінші отырысы ағымдағы жылдың 19 маусымында өткізілген болатын. Отырыс қорытындысы бойынша бірінші бастаманың жүзеге асырылуына қатысты туындаған мәселелерді шешу жолында ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдарға жолданып, тиісті шаралар жүзеге асырылды. Осы аралықта жұмыс тобының мүшелері өңірлерге іссапар кезінде тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, бағдарламаның жүзеге асуына үлестерін қосты, – деді Қ.Бекболатұлы.
Жұмыс тобының отырысы барысында бейнебайланыс арқылы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Алматы облысындағы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру мониторингі бойынша өңірлік Қоғамдық кеңес төрағасы Садық Әбдіқадыров, Атырау облысындағы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру мониторингі бойынша өңірлік қоғамдық кеңес төрағасы Бақберген Қарабаев Президенттің Бірінші әлеуметтік бастамасын іске асыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Абылайхан ЖҰМАШ