«Ақ жол» партиясы Асхат Аймағамбетовке «шабуылын» түсіндірді
«Ақ жол» партиясының мүшелері «Асхат Аймағамбетовке неліктен шабуыл жасап жатырсыздар?» деген сыңайдағы қоғамда туындаған пікірге жауап берді.
«Дания Еспаеваның депутаттық сауалы қоғамда көп талқыланды. Көбісі бұл «Асхат Аймағамбетовке жасалған шабуыл»деп айтып жатыр. Осыған байланысты партия мүшелері не айтар екен?» — деп сұрақ қойды бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тілшілердің бірі партия мүшелеріне.
Бұл сұраққа жауап берген Берік Дүйсембинов «бұл – Асхат Аймағамбетовке жеке азамат ретінде емес, министр ретінде қойылған сұрақ» екенін жеткізді.
«Асхат Аймағамбетовті бүгінгі таңдағы қазақтілді ұлтжанды азаматтардың бірі деп аса құрметпен қараймыз. Ол азамат министрдің орынбасары болған кезде талай сұрақтарымызға тікелей жауап берген. Қарым-қатынасымыз өте жақсы. Сондықтан әлеуметтік желіге тарап кеткен «шабуыл» деген әңгіме мүлде теріс екенін айтқым келеді», — деді ол.
Берік Дүйсембинов «Ақ жол» партиясы Білім және ғылым министрлігінен даулап отырған қаражатқа қатысты айта келе ол ақша түскен кезде Асхат Аймағамбетовтің министр болмағанын айтып өтті.
«Сондықтан бұл Асхат Аймағамбетовтің жеке басына емес, министрлікке қойылған сұрақ екені ескерілсе дейміз», — деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаты Дания Еспаева білім беру саласындағы өзекті мәселелерге қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдаған болатын.
Д. Еспаева 29 шілдеде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына тиісті хат жолданғанын, онда 67 млн доллар көлеміндегі халықаралық займға қатысты сауалдар қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ 2016 жылдан бастап (27,2 млрд теңге) мектептер үшін жергілікті білім басқармаларына бөлінген қаржының игерілуіне байланысты сұрақтар бағытталған. Оның айтуынша, заңнама аясында мемлекеттік орган суалдарға бір ай ішінде жауап беруі тиіс. Алайда әлі күнге дейін ведомстводан жауап келмеген.