Алматыда тұмшаланған қытайлар не істеп жүр?
Әлеуметтік желіде Қытай азаматтарының Almaty қонақүйінің алдында лек-легімен тұрған суреті тарады. Суретті анықтап қарар болсақ, Қытай азаматтары кәдімгідей адамның зәресін алардай киініп алған.
Сурет авторы әлеуметтік желідегі парақшасында төмендегідей жазба қалдырды:
«Кеше Панфилов көшесінің бойымен қыдырып жүріп, қонақүйге қытайлардың орналасып жатқанын көрдім. Сондай-ақ олардың үлкен туристік көлікпен келгенін көзім шалды. Алыстан оларды дезинфекция жасап жүргендер шығар деп топшыладым. Өйткені олардың барлығы маска тағып, медициналық қорғаныш киімімен тұмшаланып алған екен. Сөйтсем, қытайлар болып шықты. Бұлар кімдер? Медицина қызметкерлері ме, әлде жай өз тірліктерімен қыдырып жүргендер ме?».
«Алматы» қонақүйі
Әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан суреттегі қытайлардың мән-жайын білмек болып Nege.kz тілшісі Almaty қонақ үйіне хабарласты.
Қонақ үй менеджері қазіргі таңда қонақ үйде Қытай азаматтарының жатқанын теріске шығармады. Олар 18 қыркүйек күні Қонақ үйге орналасқан. Менеджердің айтуынша, қорғаныш киімдерімен тұмшаланып алған қытайлар медицина мамандары емес, жай ғана Қазақстанды аралауға келген туристер екен.
«Олар – Қытайдан Қазақстанды аралауға келген туристер. Бәрі қазір қонақүйге орналастырылды. Барлық санитарлық норма толық сақталған», – деп жауап берді.
Олар туристер болса, не себепті жай ғана маска емес, кәдімгідей медициналық қорғаныш киімін киіп алған? Әлде қонақүйдің туристерді орналастыру талабы бойынша толық медициналық қорғаныш киімдерін кию керек пе? Қонақүй менеджері біздің қойған сауалдарымызға толық жауап бермеді. Оларға жауап тек ресми сауал жолдағанда ғана болатынын алға тартты.
Осы сауалдарымызды арқалап, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметіне хабарластық. Ондағылар бұл жағдайдан мүлдем хабарсыз болып шықты. Бұл сұрақ бойынша Алматы қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жауап беретінін мәлімдеді.
Жандарбек Бекшин басқарып отырған департаменттің баспасөз өкілдері де бұл жағдайдан хабарсыз екен.
«Сіз жіберген суреттерді қарап шықтық, шынын айтсақ, бұл туралы ештеңе білмейміз. Қазір ғана қонақүйге хабарлассақ «бұлар дәрігерлер емес, туристер» дейді. Егер нақты бұлардың кім екенін, не себепті келгенін білгілеріңіз келсе, соларға ресми сауал жолдауларыңыз керек. Бұл жағдайға байланысты олардың келіп-кетуіне шектеу қоя алмаймыз ғой. Дәрігерлерден де сұрап білдім, қазіргі таңда Қытайдан көмекке ешқандай мамандар шақырылмаған», – деп жауап берді Алматы қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен.
«Қонақүйлерде туристерді орналастырудың карантиндік талабы бойынша суреттегідей толық медициналық қорғаныш киімдерін кию міндеттелген бе?» деген сауалымызға департаменттің баспасөз қызметкері былай деп жауап берді:
«Жоқ, карантиндік ережеде ондай талап жоқ. Сол барлығымызға белгілі талап бойынша маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек. Ал суреттегідей медициналық қорғаныш киімдерін кию ешкімге міндеттелмеген», – деп жауап берді.
«Үлкен трагедия». СҚО-да құс тұмауынан бір тәулікте 180 мың тауық қырылып қалды
Әрине, вирус жұқтырып алмау үшін кім қалай қорғанса да өз еркінде. Алайда көрген жанның зәресін алған топ шынымен де туристер ме? Мұны тексеруді құзырлы органдардың еншісіне қалдырамыз.
Әзірге сауалы көп, жауабы жоқ жағдайдың анық-қанығын білмекке Almaty қонақүйінің басшылығына ресми хат жолдадық. Жауабы да көп ұзамай жетер деген үміттеміз.
nege.kz