Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктер

0

Жергілікті аймақтың Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген жануарлары мен өсімдіктері. Экологиялық апат түсінігі — тек су, топырақ, ауаның ластануы мен тиімсіз қолданылуы ғана емес, сонымен бірге экожүйенің биологиялық құрамының бұзылуы — өсімдіктер мен жануарлардың кейбір түрлерінің тікелей немесе жанама түрде жойылуы.

Түрлердің жойылуының бір ғана себебі — адамның шаруашылық іс-әрекеті: тікелей ізіне түсу (аңшылық, балық аулау, орманның кесілуі және т.б.) немесе жанама әсері (байырғы тіршілік ортасынан ығыстыру, ортаның тез өзгеруі). Өсімдіктер мен жануарлардың кейбір түрлерінің жойылуы неге алып келуі мүмкін?

Биоценоздың — табиғаттың (элементарлық ұяшықтарының) тұрақтылығы бірден бұзылады. Ал бұл тізбекті реакция сияқты, одан да ірі кешендердің деградациясына және «ғаламшардың тыныс алуының» бұзылуына, топырақ құнарлылығының және биологиялық өнімдер алу мүмкіндігінің бірден төмендеуіне алып келеді.

Әр жоғалған түр қайта қалпына келмейді. Ғылым оны жаңадан жасап шығаруға дәрменсіз. Демек, адамдар әрбір биологиялық түрге тән құнды қасиеттерді пайдалана алмайды. Ал бұл — адамзат үшін орны толмайтын шығын.

Сондықтан 1948 жылы құрылған Халықаралық табиғат және табиғат ресурстарын қорғау одағы шеңберінде 1949 жылы «тірі қалу» бойынша комиссия құрылды. Олардың маңызды міндеттерінің бірі жойылу қаупі туып тұрған түрлердің тізімін жасап, оларды қорғау жолдарын анықтау болды.

Ағылшын биологі П.Скоттың ұсынысы бойынша жойылып кету қаупі туған түрлер тізімі Қызыл кітап деген атау алды. Қызыл кітаптың бірінші нұсқасы 1963 жылы шықты және ол сырт көзге қағаздар жинағы ретінде көрінді. Өр түрге жеке бір парақ қағаз берілді, онда түрдің атауы, оның статусы, таралуы, саны, жойылып кету себебі және оны сақтап қалу бойынша ұсыныстар көрсетілді. Кітаптың қызыл түсі жануарлар мен өсімдіктерге жақындаған қауіпті ескертеді. Кітап беттерінің қызыл түсі жойылып бара жатқан түрлерді, сары түсі саны азайған немесе жойылу қаупі бар түрлерді, ақ түсі сирек кездесетін түрлерді, жасыл түсі қалпына келген түрлерді білдіреді.

Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлар

Алғашқы Қызыл кітап жануарлар мен өсімдіктерді қорғауға арналған халықаралық күшті біріктіру мақсатында жасалған бірінші қадам болды. Ол бүкіл адамзатқа ойланбай жасалған іс-әрекет жабайы табиғат ресурстарының генетикалық ойсырауына әкелгенін көрсетті. Аумағында Қызыл кітапқа енген түрлер тіршілік ететін әрбір ел бұл табиғат байлығын сақтау үшін барлық адамзат алдында моральдық жауапкершілікте болады.

Қазақстанның Қызыл кітабы 1978 жылы шықты. Содан бері ол бірнеше рет толықтырылып, жаңартылды. Қазақстанның омыртқалы жануарларға арналған Қызыл кітабының толықтырылған және өңделген төртінші басылымы 2010 жылы жарық көрді. Онда омыртқалылардың 128 түрі тіркелген. Олардың 1 түрі дөңгелекауыздыларға, 17 түрі сүйекті балықтарға, 3 түрі қосмекенділерге, 10 түрі жорғалаушыларға, 57 түрі құстарға және 40 түрі сүтқоректілерге жатады. Қазақстан Қызыл кітабына енген жануарлар тізімінде сұңқылдақ аққу, қарақұйрық, барыс, ақбас тырна бар.

Өсімдіктерден тянь-шань шыршасы, қылша (эфедра), арша, қызғалдақтардың түрлері (22-сурет), алтын тамыр, ақтерек, жабайы алма, қара және ақ сексеуіл енген.

Сонымен қатар Қазақстанның Қызыл кітабына салыстырмалы түрде шағын аумақта тіршілік ететін өсімдіктер мен жануарлар түрлері де енгізілген. Оларды эндемиктер деп атайды, мысалы; жалман, жетісу бақатісі, мензбир суыры, қарақұйрық.

Түрлерді зерттеу және сақтап қалу бойынша жұмыстар

Жалман — кішкене тышқан тәрізді аң, Қазақстан эндемигі (23-сурет). Қазақ тілінде екі атауы бар: «жалман» немесе «ашқарақ» (обжора), екінші атауы — «қалқанқұлақ» — «үлкен құлақ». Жалманның құлағы үлкен, ұзындығы 14 — 18 мм, оны түтік тәрізді орап және желпуіш тәрізді жая алады. Бетпақдалада, Алакөл мен Зайсан қазаншұңқырында кездеседі. Түнгі жануар кішкене секіріп қозғалады, бұталарға жақсы өрмелейді. Жақсы көретін қорегі — жасыл шегіртке мен көкқасқа шегіртке. Жалманның дыбыс шығаруы шегірткенің шырылдауына ұқсайды, бұл қорегін аулауға көмектеседі. Жалмандар өте қомағай, олар өз салмағына тең келетін қорекпен қоректенеді, сондықтан оны «жалман» — «ашқарақ» деп атайды. Жалмандар алдымен дыбыс шығарып, содан соң жауапты шырылдауды естігенше тыныштала қалады. Даусын ести сала бұтада қонып отырған жәндікке секіріп, ұстап алады.

Мензбир суыры — суырлардың ішіндегі ең кішкентайы, Қазақстанның таулы аймақтарында кездеседі. Атауы профессор М.А.Мензбирдің құрметіне берілген. Суырларды қызыл терісі үшін аулаған, сондықтан олардың саны азайып кеткен. Қыркүйектен сәуір айына дейін 3 м тереңдікте қазған індерінде ұйқыға кетеді.

Қарақұйрық Арал маңында, Оңтүстік Балқаш маңында, Қызылқұмда кездеседі, тобымен жүреді. Үй жануарлары үшін улы болып табылатын өсімдіктермен де қоректенеді. Өте төзімді. Қарақұйрықтың құйрығының ұшы қара түсті болғандықтан, қазақ халқы оларды «қарақұйрық» деп атайды.

Қазақстанда сирек кездесетін құстардың бірі — бұйра бірқазан, олар Балқаш, Алакөл, Зайсан, Торғай және Сырдария өзендерінің төменгі сағасында ұя салады. Қорегі — балық, тамағындағы қапшығына 4 кг-ға дейін қорек сыйып кетеді. Құстың желкесінде шоқ қауырсындардан тұратын бұйра айдары бар, сондықтан бұйра бірқазан деп атайды.

Қызғылт қоқиқаз — ғажайып құс. Салмағы — 3-4 кг. Аяқтары мен мойны ұзын. Қазақ халқы оны «қызылқаз» деп те атайды, себебі оның жоғары және төменгі жабынды және қақпа қауырсындары ашық қызғылт, ал құс қазға ұқсайды. Басы кішкентай болғанмен, тұмсығы үлкен және ортасынан бөлінгендей — майысқандай болып көрінеді. Бұл құстар колониясымен тіршілік етеді. Олардың ұшқанда көтерілуі қиындау, алдымен олар ұзақ таяз су жағалауында қанаттарын қағып, жүгіріп барып көтеріледі. Тіршілігінің барлық дерлік уақытында аяғымен тік тұрады, тіпті ұйықтағанда да бір аяғын көтеріп ұйықтайды.

Реликті шағала сыртқы бейнесі қарабас шағалаға ұқсайды, бірақ оның денесі толықтай ақ түсті болып келеді және қанаттарының қақпа қауырсындарында өзіндік ерекше өрнектер болады. Олар Алакөлде тіршілік етеді.

Жетісу бақатісі — кәдімгі құйрықты қосмекенді, Жетісу Алатауында кішігірім бұлақтарда тіршілік етеді. Суық суда өзін жақсы сезінеді (6-19°С-та). Бұл — ірі тритон, ұзындығы 24 см, сары жасыл және қоңыр түсті. Денесінің көп бөлігін құйрығы алып жатыр, ол бүйір жағынан қысыңқы, арқа жағында жүзу қатпарлары болады.

Ақбөкен — ашық кеңістіктің типтік жануары. Қорек пен су іздеу барысында үлкен арақашықтықты жүгіріп өтеді. Ақбөкеннің тұлғасы жуан, тығыз, ал аяқтары жіңішке.