Белгілі шенеунік Президент Тоқаевқа шүйлікті (видео)
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов көпшілік алдында ашық сұхбат берді. Шенеунік қызметтегі жетістіктері мен қателіктері, алдағы жоспарлары жайлы айтты. Жеке өмірінен сырт шертті. Қазіргі биліктің ұнамсыз тұстарын тізіп берді. Бұл туралы Қожахметов «Талқылайық» бағдарламасында айтты.
Бағдат Қожахметов бұған дейін 31 арнаның директоры қызметін атқарды. Қазір денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі. Біршама уақытын медиа саласына арнаған азамат 50-ге таяған тұста билікке барғысы келеді. Себебі қазіргі жүйеге көңілі толмайды. Оны өзгертуге, атсалысуға барын салмақ.
— «Мен медиа саласының маманымын. Әр түрлі жерде әр түрлі қызметте болдым. Басшылық қызметте болдым. 31 арна еліміздегі екінші орындағы арна еді. Ақшасы да жақсы еді. Айына жетерліктей ақша түсіп тұрды. Ең бақытты адам айына 10 мың доллар алады деп зерттеген екен мамандар. Мен сол бақыттылардың қатарында болдым. Арнадан өзім кеттім. Ешкім қуған жоқ. Ақша қысқарған жоқ. Тек телеарнаның уақыты аяқталып келе жатқанын сездім. Қазір телевизиядан интернет желісі дамып келеді. Менің жеке бизнестерім бар. Жарнама жасаймыз, сериалдар түсіреміз. Алматыда екі үйім, облыста бір үйім бар. Ақшам құдайға шүкір жетеді. Қазір министрлікте елордадағы пәтерім үшін, әрі-бері жолым үшін ақша бюджеттен бөлінеді», — деді Қожахметов.
Қожахметов желідегі парақшасында өзекті мәселелерге қатысты жеке көзқарасын жеткізіп отырады. Бір сөзінде мемлекет басшысының қазақшасына көңілі толмайтынын айтып қалды. Әлі де ол ойынан айнымаған. Тіпті төмен деп бағалады.
— «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақшасына көңілім толмайды. Бағамен бағаласақ, 3 деген баға қояр едім. Орташа баға. 3 жарым емес, 3 деген баға қоямын. Соны нақтылап жеткізіңіздерші», — деді шенеунік.
Бағдат мырза мемлекет басшысына ғана емес, басқа шенеуніктердің де қазақшасына риза емес. Жалпы депутаттардың халыққа жақын емес екенін жеткізді.
— «Депутаттардың ішінде Смирнова ханымның ғана үні шығып жүреді. Қалғаны үңгірде тығылып жатыр. Не үшін 1 миллион жалақы алып отыр? Смирнова сияқты депутаттардың жалақысын одан да көбейтуге болады. Мен осындай келеңсізді түзету үшін билікке барсам, депутат болсам деймін. Жүйені өзгерткім келеді. Менің қолымнан бәрі келмес, ол үшін көзқарасы бірдейі 10 адам болу керек. Бір топ болу керек. Лауазымды адамның қасында екі досы жүрсе, 8 қасы жүреді. Мен өз пайдамды тигізу үшін ғана билікке ұмтылып жүрмін», — деді Қожахметов.
— «Депутат болсам, қазіргі ойымнан айнып қаламын деп ойламаймын. Жемқор болып ұсталып, сотталып кетемін деп қорықпаймын. Тек сақтық керек», — деді ол.
Мемлекет басшысына сын айтқан шенеуніктің өз балалары қазақ тіліне шорқақ. Бағдат Қожахметов өз балаларының қазақ мектебінде оқығанымен, орысша сөйлеп, орысша ойлайтынын айтады.
— «Балаларымның да қазақшасы онша емес. Қазақ мектебінде оқиды. Қазақша сөйлей алады. Сұрасаң жауап береді. Бірақ орысша сөйлесіп, орысша ойлайды. Бұл өкінішті. Мен президентті ғана сынап отырған жоқпын, балаларыма да мін айтып отырмын», — деді Бағдат мырза.