Азаматтық қоғам – өркендеудің бір ұстыны
Елбасы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен VIII Азаматтық форумға қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың бірлігін нығайту және елімізді орнықты дамыту жолында мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатудың маңызына тоқталды.
Қазақстан Президенті балалар үйлері мен «Ана үйі» дағдарыс орталықтарына қолдау көрсететін ұйымдардың жұмысына назар аудартты. Соған байланысты Мемлекет басшысы бизнес өкілдерін осы жұмысқа атсалысатын үкіметтік емес ұйымдарға көмек көрсетуге шақырды.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың жекелеген санаттарын сауықтыру және қолдау, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қызметтерін жүзеге асырғаны, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар басқа да жобаларды іске асырғаны үшін қоғамдық ұйымдар өкілдеріне ризашылық білдірді.
Елбасы еліміздің азаматтық секторын өркендетудің бірқатар нәтижелерін хабарлады.
– Үкіметтік емес ұйымдардың саны Қазақстанда 2003 жылы 5 мың болса, 2018 жылы 22 мыңға дейін жетіп, төрт еседен артыққа өскен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 65 есе артып, қазіргі кезде 20 миллиард теңгеден асып отыр. Нәтижесінде, бүгінде ҮЕҰ-лардың қызметі қоғамымыздың маңызы бар барлық дерлік саласын қамтуда, – деді ел Президенті.
Мемлекет басшысы үкіметтік емес секторды әлеуметтік саясаттың басты бағыттарына тартудың маңызын баса айтып, ҮЕҰ жобаларын қаржыландыру рәсімдерінің ашық жүргізілуін қамтамасыз ету бағытында шаралар қабылдауды тапсырды.
– Осы мақсатта Үкіметке цифрландыру үдерісі аясында «Үкіметтік емес ұйымдарды тексерудің бірыңғай электронды реестрін» жасауды тапсырамын. Онда ҮЕҰ-лар өз еркімен тіркеліп, тиісті материалдарын орналастыра алады. Бұл осы ұйымдардың рейтингін қалыптастырып, олардың қаржыландыру көзіне қол жеткізуіне мүмкіндік береді, – Н.Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы азаматтық бақылау жүргізудің тиімді тетігін құру қажет екенін нұсқап, бұл ретте Қазақстанның Азаматтық альянсы басты рөл атқаратынын атап өтті.
– Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қызметтерді беру бойынша жұмыстарды жалғастырған жөн. Осы бағыт аясында экология, әлеуметтік жұмыс, балалардың құқығын қорғау және басқа да салалардағы жобалар жүзеге асырылуы мүмкін. Үкімет пен Қоғамдық даму министрлігіне барлық айтылған ұсыныстарды мұқият зерттеп, оларды практикалық жүзеге асыру жайын қарастыруды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.
Іс-шара барысында бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау үдерісіне және оларды қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге ҮЕҰ-лардың белсенді атсалысуы қажеттігіне назар аударылды. Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкіметке «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын» әзірлеуді жүктеді.
– Бұған қоса, жастар саясатын іске асыруда үкіметтік емес сектордың рөлін күшейту керек. 2019 жылдың «Жастар жылы» деп жарияланғанын ескеретін болсақ, бұл мәселе өте маңызды, – деді Н.Назарбаев.
Елбасы сондай-ақ волонтерлар қозғалысына қолдау көрсету бағдарламасын кеңейтуге бағытталған шаралар қабылдауды тапсырды. Ел Президенті осы қызмет түрінің сұранысқа ие екені EXPO – 2017 көрмесі мен XXVIII Қысқы универсиаданың өткізілуі барысында анық көрінгенін еске салды.
–Үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндігі шектеулі адамдар, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастар үшін проактив ортаны түзуге қатысуы жақсы үрдіс саналады. Инклюзив қоғамды дамыту ісі – әлемдік тәжірибе әрі барлық дамыған елдердің азаматтық қоғамы жүзеге асыратын маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан ары жүзеге асырудың және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада белгіленген басымдықтар аясындағы жұмыстарды бастаудың маңызын атап өтті. Қазақстан Президенті онда көрсетілген бағыттар мен жобаларды іске асыру үдерісіне ҮЕҰ-ларды тарту қажетін айтты.
– Қалалардың, аудандардың әкімдері цифрлы технологияларды қолдана отырып, бір терезе қағидаты бойынша халыққа кедергісіз ашық кеңістіктерде қызмет көрсету жүйесін енгізуі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы Үкіметке Азаматтық форум барысында айтылған ұсыныстар негізінде нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу, онда барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуын қарастыру туралы тапсырма берді.
Өз кезегінде Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Қазақстанның азаматтық секторы елімізбен бірге дамып, түрленіп келе жатқанын жеткізді. «Бүгінде ҮЕҰ-ларды қаржыландыру 14 бағыт бойынша жүргізілуде. Соның ішінде қаражаттың үштен бірі – әлеуметтік жобаларға, төртінші бөлігі білім беру саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге және жастар саясатын қолдауға, бесінші бөлігі азаматтық қоғамның дамуына жәрдемдесуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталады. Тұтастай алғанда, ҮЕҰ секторы институттық тұрғыда қалыптасты деуге болады. Ол ел дамуында айтарлықтай рөл атқарады», – деді министр.
Айхан ШӘРІП