Ауыл шаруашылығы министрі Түркістан облысына іссапармен барды

0

Ауыл шаруашылығы министрі Түркістан облысына іссапармен барды

28 қараша күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысы, Сайрам ауданына іссапармен барып, өңірдегі жұмыс барысымен танысты. Бұл аудандағы белгілі кәсіпорындар «DALA-FRUIT» және «Nurym Group» ЖШС-нің жұмыстарын тексеріп қайтты. Жұмыс сапарына шыққан вице-премьердің негізгі мақсаты – Елбасының 5 қазан күні жарияланған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын талқылау.

Өмірзақ Шөкеев «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің бау шаруашылығындағы тындырымды жұмыстарымен танысып, бұл кәсіпорында жеміс-жидек, оның ішінде жүзім шаруашылығының дамып келе жатқанын байқағанын айтты.

Түркістан облысында мемлекеттің қолдауымен бау шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Өнім көлемін арттыру үшін соңғы технологиялар шет мемлекеттерден әкелініп, қолданысқа енгізіліп жатыр. Биыл облыстың 17,5 мың гектар жеріне жеміс-жидек, 9,6 мың гектарына жүзім отырғызылып, бұл жерден 116,4 мың тонна жеміс-жидек, 72 мың тонна жүзім алынды.

Ауыл шаруашылығы министрі жергілікті шаруалар мен еңбеккерлерге Елбасы Жолдауының маңыздылығын, оның ішінде сала бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің мүмкіндіктерін түсіндіріп берді. Жолдаудағы негізгі міндет – еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге ұлғайту. Министрдің ойынша, бұл тапсырманы жүзеге асыру үшін саланы әртараптандыру керек.

Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданындағы «Nurym Group» ЖШС-не арнайы ат басын бұрды. Бұл кәсіпорын «Түркістан облысының ет кластерін» одан ары дамыту мақсатында таяу арада өз жұмысын бастағалы тұр. Сонымен қатар, бұл ауданға қарасты Манкент ауылында да тағы бір кәсіпорын өз жұмысын бастамақшы. Нақтырақ айтсақ, таяуда мал бордақылау алаңы қолданысқа беріледі. Олардың негізгі мақсаты – 10 000 бас ірі қараны дәл осы бордақылау алаңында семірту. Одан бөлек, бұл аумақта жем цехы мен мал сою алаңы да ашылады. Бұл жобаның құны – 3,456 миллиард тенге. Жергілікті кәсіпкерлердің жоспары бойынша, бұл алаңда жылына 5 мың тонна ет өндіріледі. Кәсіпорын болашақта 80 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы.

Бүгінде Түркістан облысында 948 020 бас ірі қара мал бар. Бұл аз көрсеткіш емес. Сәйкесінше, осы малды бордақылауға арналған 14 мыңнан астам мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр. Облыстағы «Қайып ата» ЖШС-нің 5 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы мал етін экспорттайтын Республикадағы ең үлкен орын болып есептеледі. Ірі қараның еті бүгінде Иран, Өзбекстан елдеріне экспортталып жатыр.

Өмірзақ Шөкеев сапарының соңында өңірдегі мал шаруашылығының жұмыстарына оң бағасын беріп, облыстағы әр ауданда ірі мал бордақылау алаңдарын салуды тапсырды.