Халық әртісі дүниеден өтті
Ресейдің Халық әртісі, Кіші театрдың жетекші актерінің бірі Борис Клюев бірінші қыркүйекте Мәскеуде 77 жасында қайтыс болды.
«Борис Владимирович ауырып қайтыс болды», — деді РИА Новости ақпарат агенттігіне театрдың баспасөз қызметінің өкілі.
Актермен қоштасу Мәскеудегі Кіші театрда өтеді, нақты күні әлі белгісіз.
Ресейдің мәдениет министрі Ольга Любимова Борис Клюевтің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Ол бұл қаза «бүкіл театр қауымдастығы мен ресейлік кино үшін орны толмас қайғы» екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Ольга Любимова әртістің кез келген істе өзін кәсіби маман ретінде көрсеткенін айтып, марқұмның отбасы мен әріптестеріне көңіл айтты.
Борис Клюевтің өмірбаяны
Борис Владимирович Клюев 1944 жылы 13 шілдеде Мәскеуде дүниеге келген.
1967 жылы Борис Клюев кино саласында дебют жасады, ол Виллен Азаровтың «Сатурнның соңы» («Конец Сатурна») фильмінде неміс офицерінің рөлін ойнады.
1969 жылы Михаил Щепкин атындағы Жоғары театр мектебін бітіріп, Мемлекеттік академиялық Кіші театр труппасында жұмыс істей бастады. 50 жыл осы театрда жүріп 70-тен астам рөл сомдады.
«Крушение империи» («Империяның күйреуі») (1970), «Рудобельская Республика» («Рудобель Республикасы») (1971), «Хождение по мукам» (1974) секілді тарихи фильмдерге түсті. Жетпісінші жылдары Клюев «Д’ Артанян және үш мушкетер» фильмінде граф Рошфордың рөлін сомдады. Бұл әртістің ерекше есте қалған рөлінің бірі еді.
1980 жылдардың басында әйгілі «Шерлок Холмс пен доктор Ватсонның шытырман оқиғалары» фильмінің бірнеше сериясында әйгілі детективтің ағасы Майкрофт Холмсты ойнады.
1984 жылы Борис Клюевтің қатысуымен «ТАСС уполномочен заявить…» фильмі шықты, фильмде ол Трианон тыңшысының рөлін сомдады.
Сондай-ақ, Борис Клюев Михаил Щепкин атындағы Жоғары театр училищесінде сабақ берді. Актерлік шеберлік кафедрасының меңгерушісі және Михаил Щепкин атындағы Жоғары театр мектебінің екі курсының көркемдік жетекшісі болды.
Борис Клюев – Ресейдің халық әртісі (2002 ж.), Достық (1999 ж. ), Құрмет (2008 ж.), IV дәрежелі «Отан алдындағы еңбегі үшін» (2019 ж.) ордендерімен марапатталған.
Әйелі Виктория Клюевамен бірге 45 жыл өмір сүрді.
sputniknews.kz