Келер жылға жоспар көп | «Айқын» газеті
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қазақстандық парламентшілер Петерборда ТМД Парламентаралық ассамблеясының шараларына қатысты.
ТМД ПАА Кеңесінің отырысы мен Парламентаралық ассамблеяның 48- отырысында ұйымға қатысушы мемлекеттер парламенттерінің басшылары жиырмадан астам маңызды мәселелерді талқылады. Күн тәртібіне «Өрттен ерікті қорғау туралы», «Дербес деректер туралы» секілді маңызы зор үлгілі заң жобалары енгізілді, сондай-ақ 2019 жылдың алғашқы жартысындағы ТМД елдеріндегі мемлекеттік билік органдарының сайлауларын байқауға әзірлік мәселелері қаралды және ТМД ПАА-ның алдағы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Сенат депутаттары сондай-ақ осы ұйым жанындағы қауіпсіздік және жаңа қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнаманы үйлестіру жөніндегі бірлескен комиссиялардың, ТМД ПАА Қорғаныс және қауіпсіздік, Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық, Құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты.
Бұдан бөлек, жиын аясында Таврия сарайында парламентшілердің қатысуымен Шыңғыс Айтматовтың туғанына 90 жыл толуына арнап қойылған көрме ашылды.
ТМД ПАА Кеңесінің қорытындылары бойынша өткен баспасөз мәслихатында Сенат басшысы қытайлық «Бір белдеу – бір жол» жобасын іске асыруға ТМД елдерінің қатысу мүмкіндігі туралы пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, әлемдегі экономика мен халықаралық ахуалдағы шиеленістер, санкциялық текетірестер, алпауыт елдер арасындағы сауда қайшылықтарының өршуі аясында қытайлық стратегияның мән-маңызы арта түсетін болады.
«ТМД елдерінің бұл жобаға белсенді қатысуы Еуразиядағы ықпалдастық үдерістерін өрістетуге, аймақтық сауданы дамытуға ықпал етеді. Одан басқа, бұл санкциялық соғыстардың теріс зардаптарын жоюға мүмкіндік береді», – деді Қ.Тоқаев.
Сенат басшысы парламентаралық ұйымға мүше мемлекеттер бұл жобаға қатысудың тиімділігін қазірден сезініп отырғанын атап өтті. Бүгінде осы бастаманы одан әрі дамыту күн тәртібінде тұр, бұл жерде көлік-логистикалық дәліздер мен тиісті инфрақұрылым қалыптастыруға байланысты мәселелерді шешу туралы сөз болуда.
«Біз парламентаралық үнқатысуда сауда мен экономикалық ынтымақтастықты дамыту тақырыптарының келешегі зор деп санаймыз. Депутаттар ТМД ПАА аясында заңнамалық, нормативтік база қалыптастыруға елеулі үлес қоса алады. «Бір белдеу – бір жол» тұжырымдамасын ілгерілету ауқымды Еуразиядағы ықпалдастық үдерістерін үйлестіруге ықпал етеді», – деп түйді Қ.Тоқаев.
Қазақстанның жоғарғы палатасының төрағасы Ассамблеяның биылғы жұмысының қорытындыларына оң баға берді. ТМД елдерінің парламентшілері заңнамалық, экономикалық, әлеуметтік мәселелерде ассамблеяға мүше әр ел өздеріне лайық шешімдерді таба алуы үшін құқықтық іргетас қалыптастырды. Қ.Тоқаевтың пікірінше, дегенмен, қол жеткен деңгейде тоқтап қалуға болмайды, жұмыс үдерістерін жетілдіру үшін күш-жігерді біріктіру және оны цифрлы технологияның дамуын ескере отырып өркендету керек.
Айхан ШӘРІП