Алматыны су баса ма: Іле Алатауындағы көлдер қауіп төндіріп тұр
«Қазселденқорғау» мамандары Іле Алатауының мұздықтарын әуеден шолып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тікұшақтың бортынан Ұзын-Қарғалы өзені бассейнінен бастап Түрген өзеніне дейінгі аймақтағы тасу қаупі бар көлдер түгел тексерілді. «Тау басындағы көлдердің суы қалыпты деңгейден жоғары емес, бірақ сел жүру қаупін жоққа шығара алмаймыз», – дейді мамандар.
Іле Алатауында 45 ірі мұздықтағы көлдер бар. 17-сі қауіпті саналады. Ал оның жетеуін «Қазселденқорғау» қызметкерлері үздіксіз бақылап тұрады. Қазір күннің нағыз қызған кезі. Сондықтан сел жүру қаупі сейілді деп айтуға әлі ерте. Қауіпті көлдер Үлкен және кіші Алматы, Қарғалы, Ақсай және Түрген өзендерінің жоғары беткейінде орналасқан. Су қоймаларының жағдайын біліп тұру үшін авиация қажет. Әдетте әуеден бақылау екі аптада бір жүргізіліп тұрады. Шыңдағы көлдердегі су максималды көрсеткіштен асып тұрған жоқ. Бірақ мұздықтар еріп, көлдің деңгейі көтерілсе, су ернеуінен асып таси бастайды. Ал бұл арна арқылы бірнеше сағатта су тасқыны болу қаупі туындайды. Сондықтан мұздықтағы көлдердің су деңгейін азайтып отыру үшін мынандай құбырлар орнатылады.
Ержан Қоспақов, «Қазселденқорғау» ММ бас инженері:
– Іле Алатауы мен Жетісуда сел қаупін төндіріп тұрған 17 көл бар. Сондықтан оларға осындай алдын алу шаралары жасалуда. Атап айтар болсақ, Үлкен Алматыдағы 13-көл, Солтүстік Талғардағы №19 көл, Қорғас өзені бассейніндегі екінші көл және Түргендегі бірінші көл қауіпті.
Мұздықтардағы көлдердің суын өндірістік сорғылармен сорып, эвакуациялық арналар жиі тазартылып отырады.
Ержан Қоспақов, «Қазселденқорғау» ММ бас инженері:
– Сел жүру қаупі сейілді деп айту ерте. Сондықтан тәулік бойы сел жүруі мүмкін аймақтар мен гидрометеорологиялық жағдайды бақылап отыратын маусымдық бекеттер ашық тұр. Сәйкесінше қауіпті аймақтарға әуеден және жерден тексеру жиі жүргізілуде.
Қауіпті аймақтарға 11 маусымдық және 9 тұрақты гидробекет орнатылған. Тауда сел қаупін анықтайтын цифрлық мониторинг жүйесі енгізілуде. Қауіпті аймақта қазір осындай 10 станция жұмыс істеп тұр. Олардан алынған ақпарат «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің диспетчерлік орталығына келіп түседі.
Жалпы, осындай 21 станция ашу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 39 млн теңге қарастырылған.
24.kz