Нұр-Сұлтанда оқушыларға 40 мың теңгеден беріледі

0

Бұдан бөлек, әлеуметтік осал санаттағы оқушылар қашықтан білім алуға қажетті компьютермен қамтылады. Оған 6 миллиард теңге бөлінеді

Елордада жаңа оқу жылы қарсаңында тұрмысы төмен отбасынан шыққан әрбір оқушы мектеп құралдарын сатып алу үшін 40 мың теңгеден алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қала әкімі Алтай Көлгінов «Астана» арнасына берген сұхбатында елордада жалпы 17 мың балаға көмек көрсетілетінін айтты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың балаға артық. Былтыр мектеп құралдарын сатып алуға әрбір оқушыға бөлінген сома 30 мың теңге болған. Биыл осы көмек 40 мың теңгеге дейін көбейіп отыр.

«Егер отбасында, мысалы, 3-4 баладан болса, онда әр балаға 40 мың теңгеден бөлінеді. Оған бюджеттен 680 миллион теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сонымен қатар, тұрмысы төмен отбасыларға басқа да әлеуметтік көмек көрсетіледі», — деді Көлгінов.

Бұдан бөлек, әлеуметтік осал санаттағы оқушылар қашықтан білім алуға қажетті компьютермен қамтылады. Оған 6 миллиард теңге бөлінеді.

«Осылайша, осы санаттағы барлық баланы компьютермен және роутермен қамтамасыз етеміз. Олар – тұрмысы нашар отбасының балалары, ерекше қажеттіліктері бар балалар, жетім балалар, көпбалалы отбасылар. Жалпы 34,5 мыңға жуық бала қамтылады», — деп түйіндеді Көлгінов.