«Кабинетке кірсем, ішкиіммен отыр»: Есікте медбикелер басшының үстінен арызданды
Алматы облысында ақыл-есі кем науқастарға арналған орталықтың директоры ішімдікке сылқия тойып, қызметкерлеріне қол жүгірткен
Алматы облысының Есік қаласындағы ақыл-есі кем науқастарға арналған орталықтың медбикелері мекеме директорын ішімдікке сылқия тойып, қызметкерлерге қол жүгіртеді деп айыптады.
Айтуларынша, қызқұмар басшы төсектен бас тартқан жұмысшылардың соңына түсіп, келіспегендерге қысым көрсетеді екен. «Аманат» арнаулы қызмет көрсету орталығының басшысы бұл айыпты мойындамады, деп хабарлады КТК.
Эльмира Асқарова білдей басшының қызқұмар қылықтарын жалпақ жұртқа жария етуге бел буған. Алматы облысындағы ақыл-есі кем науқастарға арналған орталықтың медбикесі директордың қыз-келіншектерге қол жүгіртіп, жыныстық қатынасқа тартатынын айтады.
Көзіне түскенді кабинетіне шақырып, ішімдік ішуге мәжбүрлейді, дейді шыр-пыр болған қызметкер.
«Кабинетіне шақырып, кел, ішейік деді. Мазақ қылды. Жыладым да, кабинетінен шығып кеттім. Тоқташы, бір айналып жіберші, фигураңды көрейін деді. Тікелей басшыма барып, жыладым», — дейді медбике Эльмира Асқарова.
Қарамағындағы қызметкерлерді палатада емес, төсекте көргісі келетін басшы, әсіресе ажырасқан немесе күйеуі қайтыс болған жалғызбасты келіншектерге қырғидай тиетін көрінеді.
«Кабинетке кірсем, ішкиіммен отыр. «Енді не істейміз? Бастаймыз ба?» дейді. «Нені? дедім. Ол бірақ бой бермей, шашымнан ұстап бас салды. Есін білмейтін мас. Итеріп жіберіп, алды-артыма қарамай қаштым. Сосын жылап, әріптестеріме айттым. Бұл деген барып тұрған бассыздық қой!», — деп ашуланды медбике Айнұр Керімова.
Есік қаласындағы «Аманат» арнаулы қызмет көрсету орталығына жаңа басшы ақпан айында келген екен. Содан бері жұмысшылардан маза кетіпті. Күшейтілген карантинде «артығымен жұмыс істедік» деген наразы топ айлықтың қысқарғанына да қапалы.
«Біздің айлығымыз ай сайын төмендеп бара жатыр. Бухгалтерияға барсақ, «Бедный месяц» дейді. Сонда қалай, мемлекетте айлар «бедный», «богатый» болып бөліне ме? Эльмира деген қыз жылап келгеніне өзім куәмін. Кешкі сегізге бастық шақырды деді. Сол кезде сенімен бірге барайын, жұмыстан шығарса, шығара берсін деп айттым», — дейді бақылаушы-санитар Айдар Сәменов.
Басшылықтың бассыздығын айтқан медбикелер бас прокуратура, еңбек инспекциясы мен жауапты министрлікке арыз жазыпты. Ал аурухана басшысы Мақсат Бекетаев өзіне шаң жуытқан жоқ. «Қол астымдағы қызметкерлер күшейтілген талапқа көнбей, негізсіз жала жауып отыр» дейді ол.
«Бәрі жала. Бәрі өтірік. Мынаны екі-үш адам ұйымдастырып отыр. Мен сотқа берейін деп жатырмын. Сот бәрін анықтайды. Қаржы полициясы бәрін тексереді, сосын өздері шешім шығарады. Айлық туралы айтқандары да өтірік», — дейді Мақсат Бекетаев.
Есік қаласындағы ақыл-есі кем адамдарға арналған орталықта 500-ден астам науқас бар. Ал оларға 300-ге жуық медициналық маман қызмет көрсетеді. «Құқығымыз тапталды» деген қызметкерлер құзырлы орындарға екі ай бұрын шағымданыпты. Ең сорақысы, олардың жанайқайына әлі күнге дейін ешкім назар аудармаған. Орталықтың қызметкерлері қызқұмар басшымыз бассыздығын тоқтатпаса, базынамызды мемлекет басшысына жеткіземіз деп отыр.