ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҚУАТЫ | «Айқын» газеті
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» күні мерекесіне орай елімізде қос бірдей ірі нысан пайдалануға берілді. Отандық «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдік газ құбырында «Арал» компрессорлық стансасы, сондай-ақ «Қазақстан – Қытай» магистральдік газ құбыры «С» желісінде №5 және №7 компрессорлық стансалары іске қосылды.
Салтанатты рәсім Астана қаласында, жаңа индустриялық объектілердің жұмысын бастау сәті онлайн режимінде «ҚазТрансГаз» АҚ-ның Бірыңғай диспетчерлік орталығынан жүзеге асырылды. Іс-шараға Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары Қайрат Шәріпбаев және республиканың газбен қамтамасыз ететін кәсіпорындарының басшылары тікелей байланыс арқылы тамашалады.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қатысушыларды стансалардың іске қосылуымен құттықтады.
– Бүгін газ саласындағы маңызды оқиғаның куәгері болып отырмыз. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында орталық Азия өңірінің екі маңызды магистраль газ құбырындағы заманауи компрессорлық стансалары пайдалануға берілді. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистраль газ құбырын салу еліміздің ішкі нарығын газбен жабдықтау тиімділігін қамтамасыз етумен қатар республиканың барлық стратегиялық маңызды газ құбырларын біртұтас жүйеге біріктірді. Осы газ құбыры өткен жылдың соңынан бастап қазақстандық газ экспортының жаңа бағытын ашты. Қытайдың жылдам дамитын нарығына экспорт басталды. «Қазақстан – Қытай» магистраль газ құбырының №5 және №8 компрессорлық стансасын пайдалануға енгізу «С» желісін өткізу қабілетін жылына 20 млрд текшеметр газдан 25 млрд текшеметр газға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл ретте «А», «В» және «С» үш желісінің жиынтық қуаты жылына 55 млрд текше метр газды құрайтын болады. Осылайша, транзиттік әлеуетімізді ұтымды пайдалана алдық. Сонымен қатар аталған компрессорлық стансаларды іске қосу қолданыстағы газ көлік қуатын ұлғайту, сондай-ақ газды тасымалдау бойынша экспорттық және транспорттық бағыттарды әртараптандыру бойынша Қазақстан үшін үлкен әлеует ашатынын атап өткім келеді. Осындай айтулы оқиғамен тағы да құттықтауға рұқсат етіңіздер. Баршаларыңызға денсаулық пен табыс тілеймін», – деді министр.
Мұнан соң №5 және №7 компрессорлық стансаның дайындығы туралы «Азия газ» компаниясы бас директорының бірінші орынбасары Ғалымжан Сағынтаев айтып берді.
– Алматы және Жамбыл облыстары аймағында орналасқан №5 және №7 компрессорлық стансаларының құрылысы толығымен сәтті аяқталды. Газ тасымалын цифрлы технологиялары арқылы тиімді басқару мүмкіндігін беретін SCADA жүйесі де салынды. Осылайша Қазақстан газ құбырының үш желісі де жобалық қуатына шықты. Бірлескен кәсіпорын қызметкерлері осынау мега жобаны сәтті аяқталуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Компрессорлық станса мен SCADA жүйесін іске қосуға дайынбыз», – деді Ғалымжан Таймасұлы.
Арал компрессорлық стансасының ашылу салтанатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ұжымына Сыр өңірі халқының атынан алғыс айтты.
– Бүгін Арал өңірінде «Арал» компрессорлық стансасының іске қосылу рәсіміне куә болдық. Ұлы даланың қуатын ел игілігіне жұмсау мүмкіндігін тәуелсіз еліміздің қарқынды дамып келе жатқанының бір дәлелі ретінде атап өтуге болады. «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлері жеті айда, рекордтық уақыт ішінде өте маңызды нысанды іске қосып отыр. Сонымен қатар жақын арада «Қорқыт ата» компрессорлық стансасы іске қосылады. Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында «Қараөзек» компрессорлық стансасынан бастап Астанаға қарай Сарыарқа магистраль газ құбырының құрылысы басталып, Елордамызға көгілдір отын жеткізу жобасының басталуына куәгер боламыз. Осының барлығы халқымыздың ауызбіршілік, ынтымағының және Елбасы саясатының арқасында, – деді облыс әкімі.
Осы жерде айта кететін бір жайт, Қызылорда облысының әкімдігі мен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ арасындағы меморандумға сәйкес Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарын және Байқоңыр қаласын газдандыру жобасы жүзеге асырылды. Биыл Энергетика министрлігінің қолдауымен қалған 3 аудан орталығын Жосалы, Тереңөзек және Жалағашты газдандыру жұмыстары басталды. 2020 жылы барлық 7 аудан орталығына көгілдір отын қосу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда өңірде облыс халқының 63%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2020 жылға қарай газдандыруды 95%-ға жеткізу міндеті қойылып отыр. Өз кезегінде «ИнтерГазОрталықАзия» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мұқатай Шаңбатыров Арал компрессорлық станса уақытынан қысқа мерзімде салынып жұмысқа қосылуға толығымен дайын екенін айтты.
«Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырында «Арал» компрессорлық стансасын іске қосу елдің оңтүстігін газбен тұрақты қамтамасыз етуге және отандық газды Қытайға экспорттауды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
№5 және №7 компрессорлық стансаларын пайдалануға енгізу төрт мемлекетті – Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан мен Қытайды біріктіріп тұрған «Орталық Азия – Қытай» трансазиялық газ құбырын қалыптастыруды аяқтайды. Сондықтан осы оқиға Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ өңірдегі барлық мемлекеттер үшін де маңызды. Жаңа компрессорлық стансалардың жұмысы «С» желісінің өткізу қабілетін жылына 25 млрд текше метр газға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Енді барлық үш «А», «В» және «С» желілерінің жиынтықты қуаты жылына 55 млрд текше метр газды құрайды. «Қазақстан – Қытай» газ құбырын іске қосқан сәттен бастап 250 млрд текше метрден астам ортаазиялық газ тасымалданды.
Мемлекеттік цифрландыру бағдарламасының шеңберінде газ магистральдарының қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін объектілерде SCADA жүйесі орнатылған. Бағдарлама компрессорлық станциялар функцияларының өлшемдерін бақылап отырады, бүкіл ақпаратты жинақтап, өңдеп, деректерді онлайн режимінде беріп отырады. Компрессорлық стансалар мен SCADA жүйесі General Electric, Siemens, Cummins, ABB, Huawei және басқалар сияқты жетекші дүниежүзілік өндірушілерден шығарылған заманауи жабдықтармен жарақталған.
«ҚазТрансГаз» АҚ – Қазақстанның газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы. «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының құрамына газ өндіруші, тасымалдаушы және өткізуші және оның өнімдерін қайта өңдеуші кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.
С-КС-5 және С-КС-7 компрессорлық стансаларын жобалаумен, сатып алумен және салумен Үндістанда және Тайландта халықаралық пайдалану бөлімдері бар жергілікті қазақстандық компания болып табылатын «ҚазСтройСервис» НГСК АҚ айналысты. Жоба тапсырыс берушінің бюджетінің аясында қауіпсіздік пен жоғары сапа стандарттарын сақтай отырып, белгіленген мерзімдерде іске асырылды. Ең жоғарғы кезеңдегі жобада 1 300 жергілікті қазақстандық мамандар жұмыс істеді. Бүгінде бірден үш жоғары технологиялық компрессорлық станса пайдалануға қосылуы осы мерейлі міндетті жүзеге асыруға жақындап қалғанын білдіреді.
Қырымбек Елеуұлы салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтай отырып, күні кеше экология қиыншылығына ұшырап, ел үдере көшіп кете жаздаған Арал өңірінің бүгінгі жасампаз жақсылықтары туралы айтты. Нақтылап айтсақ, Арал аймағынан Қазақстанның орталығы мен оңтүстігіне «Бейнеу – Бозой» газ магистралі өтіп жатыр. «Бейнеу – Сексеуіл – Жезқазған» теміржолы іске қосылып, батыс пен орталық Қазақстан аралығындағы алтын көпірге айналды. Сонымен қатар Елбасы пәрменімен жүзеге асырылған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің игілігін ел көріп отыр. Былай айтқанда ебелек жортқан сар далада ұлы өмір басталды. Жаңа технологияның арқасында тап осы жерден жыл аяғына дейін «Қорқыт ата» газ компрессорлық стансасы қосылады. Тәуелсіздік күні қарсаңында Жезқазған, Қарағандыны басып өтіп Елорданы көгілдір отынмен қамтамасыз ететін Қараөзек газ компрессорлық орталығы жұмысын бастайды. Осынау игіліктің бәрі – Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі. Аймақ басшысы сөзін осылай тұжырымдады.
Ауыл ақсақалдары құла дүзге келіп, болашақ Арал компрессорлық орталығының қазығын қаққан «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жеті айда рекордтық көрсеткішпен үлкен жобаны іске асырғанына таңданысын білдірді. Күні кеше Арал ауданы экологиялық ахуалдан тарай жаздап, ұлы теңіздің балықшылары Каспий мен Қапшағайға қармақ салып, ау құрып, тарыдай шашылып кеткен екен. Мемлекет басшысының қабылдаған шешіміне сәйкес кіші Арал қайта толып жатыр. Босып кеткен жұрт қайта оралды. Аралда ұлы өмір басталды. Енді бұл жерден Қазақстанның барлық тармағына ел игілігінің шұғыласы тарап жатыр.
Нұрәли САҒАТ