Қызылорда облысындағы диқандар бас көтерді (ВИДЕО)
Кезекті жер дауы. Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Асқар Тоқмағанбетов ауылында дихандар бас көтерді. Күріш егіп, нәпақаларын тауып отырған халық ауылға инвестор келгелі жағдайлары нашарлағанын айтады. Егінге ақша құйып жатырмын деп шіренген кәсіпкер тіптен шаруа қожалығының төрағасын да орнынан алып тастапты. Тұрғындар осының салдарынан ауылдағы егістіктің жағдайы нашарлағанын да айтады. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Асқар Тоқмағанбетов ауылдағы дихандардың талабы осы. Бүгін мың жарымға жуық тұрғыны бар елдімекен жұрты шаруақожалығы кеңсесінің алдына жиналды. Себебі ауылдың жаңа жылдан бастап берекесі қашыпты. Күріш егіп, күндерін көріп отырған дихандар ауылға келген инвесторға қарсы шықты. Келген кәсіпкер халықты емес өзінің жеке қамын ғана ойлайды, дейді жұрт. Себебі бұл инвестор бұрын да елге келіп, өзің жақсы жағынан көрсете алмапты.
МАРАТ ТАШИМОВ, ТОҚМАҒАНБЕТОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ «2004 жылы өзі шаруашылыққа қарап, мына Шапағатты жүргізді. Одан кейін 7 жыл ол кісі жоқ болып кетті. Биыл ғана келіп 120 млн ақша салып осы егіске ақша салған, осыдан кейін ауылда дау-дамай басталды. Халық бір жақ, ол кісі осының барлығын алғысы келеді. Халықпен санаспай тұр».
НҰРРУСЛАН ҮМБЕТОВ, ТОҚМАҒАНБЕТОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Биылғы еккен күрішке пәленбай тонна солярка алдық қарызға, запчасти қарызға алдық. Қазір осы тұрғанда 180 миллиондай қарызбыз уже. Ауызға түсейін деп тұрғанға бұл келіп алып аузына тік қасыққа ұсынып тұр да өзін. Бұл бассыздық істеп тұр, мошенник қой бұл тазасын айтқанда. Халық жиналғанда келмейді, өзі бір 20-30 адам ертіп алып келеді. Ана жаққа сыртқа 5-6 машинасын қойып қояды. Сөйтеді да бізге келіп бассыздық істейді».
«Ауылға ақша құйдым» деген кәсіпкер шаруа қожалығының төрағасын да ауыстырып тастапты. Бес жыл бойы елге қызмет еткен ауыл тұрғыны жаңа басшы алдында шындық айтқаным үшін жақпай қалдым, дейді.
МЕҢДІҒАЛИ ЕСЖАНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЭКС-ТӨРАҒАСЫ: «Сол енді мені айтқан тілімді орындамадың деп алып тастап жатқаны да сол. Менің бұл жерде қатысым жоқ. Мен елдің сөзін сөйлеймін, осы ауылдың нанын жеген соң мен халқтың жағында боламын ғой қалай да болғанда. Орныңызға біреуді әкелді ма? Орныма біреуді әкеліп, заңсыз сайлады. Өздеріңіз білесіздер, бір ай бұрын жиналыс болу керек, объявление газетке беру керек».
Бірақ бұл талаптардың біреуі де орындалмаған көрінеді. «Карантин кезінде санитарлық талаптар бұзылды» деген уәжбен ауылға құзырлы органдар мен жергілкті билік өкілдері келді.
-Мадиярдан неге алып бермейсіз жерді? Өзінің ішкі жұмысы. Сіздер ауыз жаласып жүрсіздер. Мен тыңдамаймын. Тыңдап-тыңдап болдық біз. Барып та айттық қой. Көп болса өлтіріп тастар.
Ақыры жиынға инвестордың уәкілдері де жетті. Егер де ауыл халқы наразы болса сотқа берсін деп қысқа қайырды.
СӘУЛЕ АЗГУШКАРОВА, ИНВЕСТОР ӨКІЛІ:
«Біздің іс-әрекетіміз заңға қайшы болса сотқа берсін. Егер де сот тұрғындардың пайдасына үкім шығарса біз кетуге дайынбыз. Басқа алып қосарым жоқ».
Тоқмағанбетов ауылына 2200 гектар егістік жер тиесілі. Бір кәсіпкердің қалтасына жұмыс істеуден бас тартқан дихандар егіс алқабына шықпай қойыпты. Соның салдарынан 200 гектар күрішке су бармай қалған. Тұрғындар бұл мәселе жақын арада шешілмесе ауыл мүлдем егістіксіз қалуы мүмкін деп уайымдап отыр.