ҮЗДІК ИНВЕСТИЦИЯ АЙМАҒЫ | «Айқын» газеті
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы Financial Times басылымына еншілес fDi Magazine халықаралық журналының «Арнайы экономикалық аймақтар – 2018» рейтингіне сәйкес алты аталым бойынша дүниежүзіндегі үздік бизнес платформа деп танылды. Осы орайда жағымды жаңалықтың мән-жайын білмек болып аталған арнайы экономикалық аймақ басшылығына хабарласқан едік. «Оңтүстік» АЭА басқарушы компаниясының басқарма төрағасы Әділет Ғайнуллаұлы компанияның жетістігімен бөлісіп, қуанышын жеткізді.
FDi Magazine сарапшылары нені ескерді?
FDi Magazine сарапшылары «Оңтүстік» АЭА басқарушы компаниясын тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, резидент кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастық, өндіріс көлемін арттыру, экспорт аясын кеңейту, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастар, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу бағыттарындағы жүргізілген жұмыс нәтижелерін ескере отырып, мынадай аталымдар бойынша тұжырымдар жасапты. Атап айтқанда, CHINA STRATEGY – «Қытай стратегиясы», EXPANSIONS – «Өндіріс алаңдарын кеңейту», MARKETING SLOGAN – «Үздік жарнама ұраны», CHARITY INITIATIVES – «Қайырымдылық шаралары», COMMUNITY OUTREACH AWARD – «Ақпараттық қызметі» және EDITOR’S CHOICE: ONE’S TO WATCH – «Редактордың таңдауы- Перспективалы АЭА» номинациялар көшбасшысы ретінде марапаттады.
Қуантарлығы сол, журналдың 30 жылдық тарихында тұңғыш рет қазақстандық арнайы экономикалық аймақ бір емес, бірнеше көрсеткіштер негізінде жеңімпаз деп жарияланып отыр.
Ол қандай басылым?
Айта кету керек, FDi Magazine – бүгінгі таңда жаһандық инвестициялық әлеует пен ахуал жайында әлемнің 120 еліне ақпарат тарататын бірегей басылым. Бұл басылымның белсенді оқырмандары – ірі ұлттық және жеке компаниялар, инвестициялық қорлар, қаржылық ұйымдар, банктер мен даму институттары, трансұлттық корпорациялар, сондай-ақ шетелдік тікелей инвестициялардың бөлінуіне жауапты саяси және бизнес элита өкілдері кіреді. Тұтастай алғанда бұл – әрдайым журналды оқитын 500 миллионнан астам әлеуетті инвестор.
Мың жарым адамды жұмыспен қамтып отыр
Жыл сайын жарияланып тұратын бұл рейтингті жасау барысында халықаралық fDi Magazine беделді аналитикалық басылымының сарапшылары әлемнің үздік арнайы экономикалық аймақтары мен бизнес үшін ең қолайлы инвестициялық алаңдарды анықтайды. Жалпы, бұл рейтинг әлемнің арнайы экономикалық аймақтарын 10 көрсеткіш бойынша бағалайды. Соның ішінде орта және шағын кәсіпорындарының саны мен пайыздық үлесі, тұрақты жұмыс орындарының саны мен пайыздық үлесі және аумақтың кеңеюінің пайыздық көрсеткіштері бағалаудың негізгі критерийлері болды.
Қазіргі таңда «Оңтүстік» АЭА аумағы жеңіл өнеркәсіп, химия және мұнай химиясы өнімдерін шығаратын 12 озық өндірушілердің қолайлы мекеніне айналып, жалпы құны 28,4 млрд теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асырып, 1 346 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Дайын өнім әлемнің 15 еліне экспортталып, тұтынушы үшін жоғары сапа және қолайлы баға арақатынасымен ерекшеленіп, шетелде үлкен сұранысқа иеленіп отыр. Сонымен қатар АЭА қатысушылары арасында ұйымдастырылған өнеркәсіптік ынтымақтастық, салықтың негізгі түрлерінен (ҚҚС, КТС, мүлік және жер салығы) босату, сондай-ақ кедендік баждардың болмауы сияқты жеңілдіктер шетелдік және отандық инвесторлар үшін үлкен қызығушылық тудырады. 2021 жылдың аяғына дейін іске қосылатын жобаларды қоса есептегенде «Оңтүстік» АЭА-ға тартылған инвестициялардың жалпы құны 173 млрд теңгені құрайтын болса, ашылатын жұмыс орындарының саны 4 мыңнан аспақ.
Шетелдік әріптестермен тығыз байланыста
«Оңтүстік» АЭА аумағында бүгінде шетелдік қатысы бар жобалардың қатарында «Бал Текстиль» ЖШС – еліміздегі ең ірі кілем зауыты.
Жобаның серіктесі – әлемдегі ең ірі 5 кілем өндірушілердің бірі және әлемдік нарықта 20 жылдан астам тәжірибесі бар Kartal Hali (Түркия) компаниясы. Түркиялық инвестормен бірлесе ашылған БК Lux Shoes ЖШС – отандық ірі аяқ киім тігетін фабриканың бірі. БК Lux Shoes ЖШС өнімдері заман талабына сай итальяндық технология бойынша тігіледі. «Әлем БТ» ЖШС – отандық шұлық шығаратын ірі кәсіпорын. Зауыт – корей технологиясы мен қазақстандық кәсіпкерліктің біріккен жұмысының нәтижесі.
Бұдан басқа, «Оңтүстік» АЭА басқарушы компаниясы 2018 жылдан бастап дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының Орталық Азиядағы ресми өкілдігі мәртебесіне ие. Дубай әмірі Мұхаммед ибн Рашид әл-Мактум мырзаның жеке бастамасымен құрылған бұл ұйымға 70 мемлекеттің 500-ден астам арнайы экономикалық және индустриялды аймақтары мүше. ДАЭАҰ-мен тығыз ынтымақтастық тек Оңтүстік АЭА-ны ғана емес, тұтас Қазақстанның экономикалық мүмкіндігін алпауыт инвесторлар арасында танымал етіп, әлемдік инвестициялық үрдістердің ағымына сай дамытуға серпін береді.
Айта кету керек, осы жылдың шілде айында Kazakh Invest ұлттық компаниясы және Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының қолдауымен «Оңтүстік» АЭА-ның басқарушы компаниясы Орталық Азия елдерінің 30-ға жуық АЭА-ның басын қосып, заманауи дамыту тенденциялары мен стратегиялық әріптестер тарту инструменттерін ендіру бойынша GESEZ – 2018 халықаралық конференциясын өткізген болатын.
Конференция аясында Conway және Systemiq сияқты инвестициялық алыптар өңірдің арнайы экономикалық аймақтарын дамытуға қызығушылық білдіріп, бірқатар келісімдерге қол жеткізген болатын. Аталған ұйымдар қызмет көрсететін компаниялардың жалпы инвестициялық әлеуеті 100 млрд доллардан асып жығылатынын ескерсек, Орталық Азия және оның жетекші экономикасы болып табылатын Қазақстан алдағы ұзақ жылдар бойы шетелдік инвестициялар үшін басым нысана болып қала бермек.
Басқа арнайы экономикалық аймақтарға үлгі
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының жұмыс көрсеткіштері Үкімет және орталық атқарушы органдар тарапынан оң бағасын алып, еліміздің басқа арнайы экономикалық аймақтарына үлгі болып отыр.
Нәтижесінде, тәжірибе бөлісу жұмыстары аясында «Павлодар», «Ақтау – Теңіз порты», «Астана – Технополис» арнайы экономикалық аймақтарына айтарлықтай қолдау шаралары көрсетілді.
Естеріңізге сала кетейік, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы Қазақстан Президентінің 2005 жылғы 6 шілдедегі
№1605 Жарлығымен Республиканың экономикасының әлемдік экономикалық байланыстар жүйесіне кіруін белсендету үшін өңірдің дамуын жеделдету мақсатында тиімділігі жоғары, жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістерді қоса алғанда өнімнің жаңа түрлерін дамыту, инвестицияларды тарту, нарықтық қатынастардың құқықтық нормаларын жетілдіру, заманауи басқару мен басқару әдістерін енгізу, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін құрылды.
Тельман БЕЙСЕН