Қазақ құдасы бар Малайзияның экс-премьер-министрі түрмеге қамалды: «Қымбат мүлікті қазақстандық күйеу балам сыйға тартты»

0

Малайзия соты бұрынғы премьер-министр Наджиб Разакты 1MDB мемлекеттік инвестициялық қорының қаржысын жымқыруға қатысты бірнеше сыбайлас жемқорлық ісі бойынша 12 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

28 шілдеде судья экс-премьер-министрді билікті асыра пайдалану, сенімге қиянат жасау және ақшаны тыққаны үшін кінәлі деп тапты. Бұрынғы шенеунікке 49,3 миллион доллар айыппұл төлеуге бұйрық берілген. Судья Наджиб Разакты үкім күшіне енгенге дейін бостандықта қалдырды, сотталушының сот шешімін қайта қарастыруға өтініш беру құқығы бар.

Наджиб Разак Малайзияның экономикалық өсімін арттыру үшін 2009 жылы құрған 1MDB қорынан ұрлыққа қатысы барын жоққа шығарды. Бүгін шығарылған үкім үкіметтік қордың  SRC International-дан 10 млн доллар алу ісіне қатысты.

АҚШ тергеушілері 1MDB-ден кемінде 4,5 миллиард доллар ұрланғанын және жылжымайтын мүлік, зергерлік бұйымдар, яхталар және басқа да сәнді тауарларды сатып алу үшін жалған операциялар мен компаниялар арқылы заңдастырылғанын айтады.

Наджиб Разактың айтуынша, оның банктік шоттарындағы 700 миллион долларды Сауд Арабиясы берген. Ол соманың көп бөлігін қайтарғанын айтты.

2018 жылы қамауға алынғанға дейін Reuters агенттігіне берген сұхбатында ол тінту кезінде табылған 300-ге жуық қораптағы зергерлік бұйымдар мен сәнді сөмкелер әйелі мен қызының сыйлықтары екенін айтқан. Наджиб Разактың айтуынша, оның күйеу баласы Данияр Назарбаев көптеген сөмкелерді оларға сыйға тартқан, тергеушілердің айтуынша, олардың құны ондаған мың долларға бағаланған. Наджиб Разактың қызы Нуриана Наджва Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі, Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның ұлы Данияр Кесікбаевтың әйелі.

Наджибтің әйелі және оның партиясы мен оның кабинетінің бірнеше шенеунігі де қордың қаржысын жымқырғанына байланысты пара алды деп айыпталды.

Өткен аптада АҚШ-тың Goldman Sachs инвестициялық банкі өзінің қызметкерлеріне 1MDB-мен байланысты қылмыстар туралы айыптауларға байланысты Малайзия үкіметімен 3,9 миллиард доллар төлеуге келісті. 1MDB жанжалы 2018 жылғы сайлаудан кейін Наджиб үкіметінің құлдырауына әкелді.