Бірінші сыныпқа баратын балалар қалай оқиды?
Жақында ғана мектеп табалдырығын аттайтын балдырғандардың «Әліппемен» қайта қауышатынын жазып, сүйіншілеген едік. Бірақ сол сәтте көңілде алаң басым болды. Себебі биыл 1-сыныпқа баратын балалардың біразы «бар ғылымға бас болған» оқулықпен қауышса да, мектеп табалдырығын аттамауы мүмкін. Бұған да пандемия себеп болып отыр. Ал өзі әріп танымайтын бала басқа оқулықтарды былай қойғанда, «әліппені» қашықтан қалай оқиды? Осы бір көкейкесті сұрақ ата-анаға да, биыл 1-сыныпты қабылдайтын бастауыш сынып мұғалімдеріне де уайым болып тұр.
Алдағы жаңа оқу жылында баласы 1-сыныпқа баратын ата-аналардың бірі қызылордалық Гүлнұр Бүркітбаева: «Мен қашықтан оқытуға қарсымын. Баламның мектеп табалдырығында білім алып, қолына қалам ұстағанын қалаймын. Мектептің аурасын, ұстаздың мысын, партаға отырудың әсерін сезінуі қажет. Қызым 1-ші сыныпқа, ұлым 2-сыныпқа барады. Оқу жылының алғашқы 1 айын мектепте оқыса да, бір жолын табуымыз керек қой. Ең құрығанда ертеңгі күніне сенімі оянады, «Карантин бітсе, өз партама отырамын» деп асығады. Үйде оқытатын біз де оларға «Өз мектебіңе барасың, мұғалімің сені сағынып қалды» деп дем беріп отырамыз. Ұстазы мен білім ұясы оның қиялында болмауы тиіс», деп жазды.
Жаны бар сөз. Бұл – көптеген ата-анаға ортақ ой. Негізі ата-аналар тарапынан (әсіресе бастауыш сынып оқушыларын) қашықтан оқытуға қарсылықтың екінші жағы да бар. Мұнда баланың болашағы ғана түбегейлі шешімге себеп болып отырған жоқ. Айталық, балаларға білім беру үшін мамандар арнайы кәсіби даярланып, сол еңбегіне жалақы алады. Өйткені бала оқыту дегеніңіз – үлкен жұмыс. Ал өзі таң бозынан күн ұясына батқанша жұмыс істейтін ата-ана осы бір «үлкен жұмыспен» айналысу үшін күнкөріс қамымен жүрген қызметін тастауы керек пе, әлде екінші жұмыстың жүгін арқалауы қажет пе? Міне, осы тұста таңдау жоғарыдағы қарсылыққа әкеледі. Көбіне-көп қашықтан оқытуды қолдап отырған ата-аналардың өздері мұғалім екеніне осы мақаланы жазу барысында жүргізілген журналистік сауалдамада көз жеткіздік. Сұрағымызға Шымкент қаласынан жауап берген мұғалім әрі ата-ана Асан Ергешев: «Мен ұлымды мектепке жібермеймін. Өзім үйде оқытамын. Қазірден оқытуды бастап кеттім, жағдай әбден реттеліп, індеттің беті қайтқанда ғана баламды мектепке жіберемін. Перзенттеріміздің амандығынан артық ештеңе жоқ», дейді. Иә, А.Ергешев секілді мұғалім ата-аналар түсінеді, өйткені өзі оқыта алады. Ал мұғалімдік мамандықтан мүлде хабарсыз ата-аналар қайтпек? Олар мұғалімді алмастыра алмайтынын біледі, соған алаңдап баласын мектепке жібереді. Сонда 6 адамнан артық шоғырланбауды ескертіп отырған жағдайда дәстүрлі оқыту қалай жүргізіледі?
Екіжақты пікір – екіжақты шешім
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай ахуал қалыптасқанда екіжақты пікір ескерілген ұсынысын айтқан еді. Аталған ұсыныста бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарына ерік берілген, яғни олар баласының мектепте немесе үйде оқитынын өздері шешеді. Мәселен, ата-ана баласының қандай жағдай болсын мектепте білім алғанын қаласа, онда мектепте кезекші сыныптар ашылады. Мұндай жағдайда мұғалімдерге қиын болмақ. Бір сыныптағы 20 оқушының жартысы қашықтан, жартысы мектепте оқиды делік. Сонда мұғалім екі ауысымда жұмыс істей ме? Бұл туралы министрлік: «Қазір осы жағдай жөнінде мектеп директорларымен арнайы әдістемелік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұғалімдердің жалақысы оқу сағаты бойынша есептеледі. Осы мәселе толығымен қарастырылған, яғни «Сағат қалай есептеледі? Кім қашан оқытады? Кезекші сыныптар қалай топтастырылады?» деген секілді сұрақтарға жауап беретін нұсқаулық енгізіледі. Барлық жұмыс сол құжаттың негізінде іске асырылады», деп мәлімдеді.
Педагогтер мұндай тосын жағдайға дайын ба? Иә, өткен «төтенше» тоқсанда алдыңғы тоқсандардағы тақырыптарды қайталау басым болғандықтан, лаждап бітірді. Ал мектеп, мұғалім, сынып, оқу деген ұғым ойында әлі қалыптаспаған баланы қашықтан қалай оқытады? Бұл сұраққа: «Балаларымыз мектепалды даярлық топтарында білім алып, партада отырып, мұғалімді тыңдап, әріп пен цифрды танып көрді ғой. Байбалам сала берудің қажеті жоқ. 1-тоқсанды көптеп-көмектеп қашықтан оқытуға болады», деп жауап берген ата-аналар бар. Осы ойға педагогтің бейнесі, оқу, үйрену ұғымдары қалыптасқан, «балабақша көрген» балаларды да оқытуға болады деп қосып қоюға болады-ақ. Алайда «төтенше» тоқсанмен аяқталған оқу жылындағы мектепалды даярлық сыныбын және бірде ашылып, бірде жабылып қалып жұмыс істеген балабақшалардың ересек топтарын бітірген балалардың биыл 1-сыныпқа қабылданатынын ескеру керек. Сондықтан дәл биыл қабылданатын 1-сынып оқушыларын қашықтан оқыту – осы бір лектің болашағына алаңдатады. Өйткені бастауыш білім – барлық білім беру жүйесінің іргетасы. Ал үйдің берік болмағы іргетасынан.
Ойдан ой туады
Жоғарыдағы ойдың екінші жағын қарасақ, бұған да уәж табылады. Уәжді тек кәсіби мамандар ғана айта алады. Сондай маманның бірі, Қызылорда облысының білім беру саласында көп жылдық еңбек өтілі бар бастауыш сынып мұғалімі Гүлзира Қартаңбаева: «Бала денсаулығы бәрінен маңызды. Сондықтан мына жағдайда қашықтан оқытқан қауіпсіз. Ата-анаға салмақ түсері анық. Ата-ана баламен көбірек жұмыс істесе, бірлесе отырып еңбек етсе, сауаттандыруға болады. Тәжірибемде денсаулығына байланысты әліппені аяқтап, ана тілін бастап жатқанда оқу әрекетіне қосылған оқушы болды. Сол оқушы да үлгеріп, қатарластарына ілесіп кетті. Қазіргі таңда әлгі шәкіртім – ақын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бала денсаулығына қауіп төндірмей уақытша қашықтан оқыта тұрсақ, қалыпты жағдайға түскенде мектепте қалып кеткен дүниелерді әрі қарай алып кетуге болады», дейді. Осы тектес тәжірибе көбімізге таныс болар, себебі туыстарымыз немесе бірге оқыған сыныптастарымыздың арасында да денсаулығы сыр беріп, сабақтан біраз уақытқа қалып қойғанымен, қатарластарынан қалмай, кейін тіпті білім биігінен көрінгендер қаншама! Сол себепті ұстаздың уәжі құлақ қоюға тұрарлық.
Дегенмен екінші тараптың талабын орындау жайы тағы бар. Білімді басты орынға қойған әрі баласының болашағына алаңдайтын ата-аналардың талабы қанағаттандырылып, балалары мектепке барып оқиды дейік. Бірақ уайымның көкесі де осы емес пе? Себебі ересектердің өзіне медициналық бетперде киюді, қарапайым арақашықтық сақтауды үйрете алмай отырғанда әдетте бір-бірінің тәттісін бөліп жейтін, бір-бірімен алысып ойнайтын, бір құтыдан су ішуді қалыпты қабылдайтын балалардың санитария талаптарын сақтайтынына сенім жоқ.
Қалай болғанда да таңдауды жасап тұрған ата-ана болған соң, жауапкершілік жүгі де соларда екені анықтала түскендей. Ал жауапкершілігі бұрынғыдан екі есе ауырлаған мұғалімдерге өзінің ішкі өлшеміндегі мәртебесінің жоғары екенін көрсететін, өздері қалаған биіктіктен бой көрсететін, қандай жағдайда да сапалы білім бере алатынын дәлелдейтін уақыт жеткен сияқты. Бастысы, білімнің баспалдағы білімсіздіктен басталмаса игі…
© egemen.kz