Катар мемлекеті Мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан шығады
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Катар Мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан шығады. Бұл туралы 3 желтоқсан күні Доха да өткен баспасөз-конференциясында Катардың энергетика министрі Сад әл-Кааби мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, бұл шешім Катардың әлемдік ареналардағы өзінің көрсеткішін ұлғайтып, техникалық және стратегиялық қадамын арттыруға жағдай жасамақ. Сонымен қатар, «Аталған ұйымнан шығу Катар елі үшін өзінің табиғи газын ұлғайтудың тиімді жоспары болып отыр. Бұрын жылына 77 млн тонна өндірсе, енді оның көлемін 110 млн тоннаға дейін өсіру қарастырылуда» деп өз пікірін жеткізді.
Катар елі Мұнай экспорттаушы елдер ұйымында 57 жыл мүше болып келген. Қазан айында тәулігіне 610 000 баррель мұнай өндірген мемлекет, ұйым ішінде 11 орында болатын.