Мұқағалидың 300 өлеңін жатқа біледі: арманы асқақ Айзада

0

Осы бір тұла бойы тау гүліндей көркем, ойы мөлдір бұлақтай тұнық, арманы асқақ қызды жақсы білемін. Жалаңаш ауылының жауқазыны, осы өңірдің үкілеген үміті, сенім артқан қарлығашы. 

Ол Жалаңаш ауылындағы С. Бейсенбетұлы атындағы орта мектептің орыс сыныбында оқыды. Өнерге, киелі өлеңге жақын болып өскен қыз жастайынан жыр кітаптарды жастанып, ақындардың өлеңін жаттап өсті. Бір ғана мысал, Айзада Мұқағалидың «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек, Райымбек!» поэмаларын, одан бөлек 300 өлеңін жатқа біледі. Табиғатынан сергек, елгезек, ұғымтал. Кітапты ашып, қай бет екенін айтсаң онда ақынның қай өлеңі барын алға тартып, аталған өлеңді мәнеріне келтіріп жатқа айта жөнеледі.

Айзада мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ аудандық, облыстық, республикалық деңгейде өтетін Абай, Шәкәрім, Махамбет оқуларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрді. Шығармашылық байқаулардан құр қайтқан кезі жоқ. Жанарынан нұр, жүрегінен жыр, көмейінен тұнық сыр төгіліп жүретін қыз Қарасаз ауылында өткен республикалық Мұқағали оқуларында да ерекше көзге түсіп, жүлделі орыннан көрінді. Осының бәрі арманшыл қызды журналист болсам деген ізгі ойға, биік мақсатқа жетеледі.

Өмірден ерте өткен Есенболаттай аяулы әкесін көз алдына келтірсе, өзегін өкініш өртейді. Аяулы анасы Нұркүлсін Жалаңаш ауылындағы кітапхананың меңгерушісі болып абыройлы еңбек етіп келеді.

«Бәрінен де сен сұлу» атты аудандық байқауда бас жүлдені еншілеп, «Райымбек аруы – 2015» атанды. «Бәрінен де сен сұлу!» атты облыстық байқауға қатысып, «Дарынды ару» аталымының иесі болды. Білімді әрі өлең мен өнерге жақын қыз 2017 жылы университетте өткен «ЖМУ АРУЫ – 2017» байқауында бас жүлде алды.

Талдықорған қаласында өтетін түрлі іргелі жиындарда жастар атынан сөз сөйлеу құрметі үнемі Айзададай білімді, ерекше дарынды қызға бұйырып келеді. Сәті түскені шығар, 2017 жылғы 20 қыркүйекте Елбасымыз Н. Назарбаевтың алдында сөз сөйлеп, қолын алғаны бар. Кездесу барысында Айзаданың журналистика факультетінде оқып жүргенін естіген Елбасы: «Алғашқы сұхбатыңды менен алады екенсің ғой», – деген еді. Осыдан кейін курстастары Айзаданы «Елбасыдан сұхбат алған қыз» деп атап кетті.
Айзада облыстық ішкі саясат басқармасы Тұңғыш Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай жүзеге асырған «AMAZINGZHETISU» жобасына қатысушылардың бірі. Жер жаннаты Жетісу өлкесінің таңғажайып табиғатын арқау еткен бірнеше бейнебаянға түсіп, өз өлеңдерін оқыған. «Professional Media Development – 2018»  Қазмедиа орталығы медиамектебінің тәжірибесінен де өткен. Облыста құрылған «Рухы бекем, киелі мекен – Жетісу» атты ғылыми-танымдық экспедицияның мүшесі.

Жүрегін Мұқағали мен Махамбеттің рухты жырлары тербеген Айзада бүгінде «Жетісу» телеарнасындағы «Таңжарық» бағдарламасын тізгіндеген. Арманшыл жас заманға лайық білімді, жан-жақты, бірнеше тілді меңгерген журналист болсам деген арманының алғашқы сатысына қадам басты.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы

«7-су» газеті