Отандық ғалым коронавирусты жеңу үшін қалай тамақтану керектігін айтты

0

Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов індет кезіндегі тамақтану мен гигиенаның рөлі туралы айтып берді.

Бұл туралы профессор Youtube желісіндегі Antikorlive тобында баяндады.

«Коронавирустың басты ерекшелігі – жасы келген жандарға аса қауіпті. Сол үшін де олардың күтіміне көбірек көңіл бөлген дұрыс. Үлкен адамға төрді ұсынған дұрыс. Төр қашанда таза орын. Оларға ұлттық тағамдарды көбірек ұсынған абзал. Дастархан таза, тағам жақсы болса, індет те қашықтай түседі. Қарт жандардың көңіл-күйі үнемі жақсы болуы шарт. Сондай-ақ, эпидемия кезінде өзге жандармен қарым-қатынасын шектеген абзал. Жас адам індет жұқтырса, ауырып аяққа тұрып кетеді, ал қарттардың аман қалуы қиындау», — деді Шарманов.

Оның сөзінше, бірінші кезекте науқастың тамағына ерекше көңіл бөлу қажет.

«Ең пайдалысы – сұйық тағамдар. Сұйықтық ағзаға тез сіңетіндіктен, вирусты да сыртқа шығару мүмкіндігі жоғары. Ұлттық сусындардан ең пайдалысы – қымыз, айран. Одан бөлек, таза судың да рөлі үлкен. Қымыз дәруменге ерекше бай, оны басқа сусындармен салыстыруға келмейді. Жалпы, жылқының қымызы мен етіне жететін ешқандай тағам жоқ. Қазақта «қойдың еті – ертеңгі күн батқанша, сиырдың еті – таң сарғайып атқанша, жылқының еті – төсек салып жатқанша» деген сөз бар. Осыдан-ақ, жылқы еті үш есе жылдам сіңетінін аңғаруға болады. Ол ғылыми дәлелденген. Тағамтану маманы ретінде мұны бар жауапкершілікті мойныма ала отырып, айта аламын.

Қымыздың құрамында С дәруменінің үлесі жоғары. Биенің сүті мен етінде транс май қышқылы жоқ. Ал ол, мәселен, сиыр сүтінде бар. Сондықтан қымызды 100 пайыз пайдалы деуге болады», — деді медицина ғылымдарының докторы.

Профессор дәрі-дәрмек ауруға 100 пайыз ем болады деп айту – қате ұғым деп санайды. Статистика бойынша ең көп дегенде 95-96 пайыз пайда беруі мүмкін.

«Дегенмен, аурудан айығуға әсер ететін өзге факторларды да естен шығармау керек. Мәселен, адамның көңілі, ниеті аурудан айығуға керемет әсер етеді. Тіпті, емдеуші дәрігердің бет-бейнесіне қарап-ақ ауру жеңілдейді. Сол себепті, бірінші кезекте адамның сенімін түсірмей, көңілін аулаған абзал», — деді Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Еске сала кетсек, осыған дейін Франциядағы Монпелье университетінің оқытушылары мен ғалымдары коронавирус инфекциясын тоқтатын тағамдарға зерттеу жасай келе, бір шешімге келген. Олар орамжапырақтың қауіпті дертті «өлтіретін» қасиеті бар екенін анықтаған болатын.

nur.kz