Қожа-Ахмет Хасен | өмірбаяны
Қожа-Ахмет Хасен 1949 жылы 9 тамызда туған. Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыка училищесін, ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының композиторлық бөлімінде оқыған. Музыкалық оқу орындарында ұстаздық қызмет, Қазақ теледидарында, радиосында редакторлық қызмет істеді.
1998 жылдан Ықылас атындағы республикалық халық музыкалық аспаптар музейінің директоры. Кеңес әскеріндегі шовинистік келеңсіздікке қарсы шыққаны үшін 1970 жылы 13 ақпанда қамауға алынады. Сол мезгілден бастап КСРО үкіметінің отаршыл тоталитарлық саясатын әшкерелеп, «Одақ па әлде отар ма», «Орыстардың дүниежүзілік жандарм болуға тырысуы», «Оян, қазақ!, Оян, елім!», «Халықтарды ассимиляциялау кімдерге қажет», «Ұлт мәселесінің тарихи шешімі», т.б. жиырмадан астам мақалалар, үндеулер, өлеңдер жазды. Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресетін «Жас қазақ» астыртын ұйымын құрған.
1977 жылы 29 сәуірде «КОКП-ның ұлт саясатына, КСРО-нің мемлекеттік қоғамдық құрылысына қасақана жала жапты» деген айыппен 2 жылға, 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне белсенді қатысқаны үшін 4 жылға сотталған.
1989–1993 жж. «Желтоқсан» ұлттық демократиялық партиясын басқарды. 1990–1995 жж. «Желтоқсан» газетінің шығарушысы әрі бас редакторы болды.
1993 жылдан Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының төрағасы.
150-ден астам саяси-публицистикалық мақалалардың, 100-ге жуық сықақ әңгіме, мысал, өлеңдердің авторы. «Ереуіл атқа ер салмай» («Елорда», 2000), «Айтпайын-ақ деп едім…» («Жазушы», 2001), т.б. кітаптарға шығармалары енген. 2002 жылы «Өнер» баспасынан «Таңдамалы 100 ән» жинағы жарық көрген.