Медқызметкерлерді аза тұту күнінде далаға шығарды: Видео қазақстандықтардың наразылығын туғызды

0

Желіде таралып, қызу талқыланып жатқан медқызметкерлерден құралған флешмоб акциясының видеосы халық наразылығын тудырды. Іc-шараға қатысты Шымкент қаласының әкімдігі мұны денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ұйымдастырылмағанын айтты.

Видеоны желіге салған журналист Зәуре Мирзаходжаева тізілген адамдарды қара тізімге енуі мүмкін адамдардан құралған «тірі қабырға» деп бағалады.

«Бұл не фарс?!! Бүгін бұл масқараны кім ұйымдастырды? Ковидтан өлгендерге арнайы шымкенттік флэш-моб !!! Бүгін-ертең коронавирус құрбандарының қара тізіміне енетіндерден құралған тірі қабырға! Дәрігерлерді қашан құрметтейміз?  Адамдарды қашан құрметтейміз? Біз өзімізді қашан құрметтейміз?!», — деді журналист Зәуре Мирзаходжаева.

 

«Шымкентте облыстық туберкулез диспансерінің бас дәрігері қажетсіз бастама көрсетіп, аурухананың барлық ұжымын (дәрігерлер, медбикелер) далаға шығарды. Мұндай қиын уақытта дәрігерлерді тікелей міндеттерінен айыру — қылмыстық заң бұзушылық деп санаймын. Істі қарастырғаннан кейін ол жауапкершілікке тартылады», — деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Бұған қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызы дәрігерлерді мазақ етті деп пікірін білдірді.

«Оңтүстіктің (Шымкенттің) 40-45° ыстығында дәрігерлерді көгенделген қой құсатып апарып, шыжыған күннің астында тұрғызып қоюын — өлген халыққа бұ биліктің «контрольный выстрел» жасағанмен бірдей қабылдадым», — деді ол Facebook-тегі парақшасында.

Оның сөзінше, дәрігерлер жетіспей жатқан уақытта әр секунд бір ғұмырға тартып тұр. Осыған дәрігерлердің бір сағат уақыты кетті.  Бұл кісілер биліктің бұйрығымен мына жақта көше бойлап тұрғанда, ана жақта ауруханада қанша адам ауа жетпей тұншығып, дәрі жетпей қиналып жатыр екен, бұл — дәрігерлерді мазақ ету, дейді ол.

«Мұғалімдер мен студенттер қайда? Оларды да осылай флешмобқа тұрғызбадыңдар ма? Аза тұтудың не екенін де, қаралы күннің не екенін де білмейтін мәңгүрттер-ай…

Одан да дәл сағат 12.00-де бүкіл халық отырғаны отырған жерінде, тұрғаны тұрған жерінде, көліктегілер жол бойында тоқтай қалып, білетіндер құран бағыштап, білмейтіндер дұға бағыштап, бет сипағаны — өліге де, тіріге де миллион есе артық еді ғой…

Дұрыс бірдеңе ойластыруға, ұйымдастыруға мәңгүрт миларың жарамаса, қастарыңа миы бар, басы істейтін ақылшы, кеңесші ерте жүріңдерші, құдай үшін», — деді ол.

«Әлеуметтік желіде видеосы тарап жүрген ақ халаттылардың қатысуымен өткен іс-шара Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ұйымдастырылмағанын ресми түрде мәлімдейміз. Бейне-роликтегі туберкулез диспансері Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекеме болып табылады», — деді денсаулық сақтау басқармасы.

Айта кетсек, Шымкентте, бүгін, 13 шілдеде ауа температурасы 36 градусты көрсетіп тұр.

Еске салсақ, 13 шілде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен коронавирус індетінен көз жұмғандарды еске алу мақсатындағы аза тұту күні болып жарияланған.

stan.kz