Назарбаев қазақстандықтарға үндеу жасады

0

Алапат дерт біздің адамдарымыздың өмірін қиып әкетуде. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр, деп атап өтті Назарбаев

Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус індетінен қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлады Elbasy.kz.

Елбасы бүгінде Қазақстан бұрын-соңды болмаған күрделі ахуалмен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті.

«Қауіпті індет біздің қалаларымыз бен ауылдарымызға тарап, өкінішке қарай, адам шығыны орын алып жатыр. Мемлекет басшысының шешімімен 13 шілде коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу ­– Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды», — деп атап өтті Назарбаев.

«Алапат дерт біздің адамдарымыздың өмірін қиып әкетуде. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның ­– әкелер мен аналардың, қыздарымыз бен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұр», — деп толықтырды ол.

Елбасы мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.

«Біз береке-бірлік пен тұтастықтың арқасында талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да ел болып еңсереміз деп сенемін», — деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.