Бүгіннен бастап карантин күшейтілді: қазақстандықтар нені білуі тиіс

0

Карантин кезінде табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге төленбейді, режимді бұзғандар 83 мың теңге айыппұл арқалайды

Қазақстанның бүкіл аумағында бесінші шілдеден карантин режимі күшейтілді. Шектеу шаралары әзірге екі аптаға созылады, бірақ үкімет карантин мерзімін ұзартуы немесе қатаңдатуы мүмкін.

Қалааралық автобустар тоқтады

Осы жолы өңірлер мен қалалар арасында блок бекеттер орнатылмайды. Халықаралық әуе қатынасы сақталады, бірақ елдер тізімі одан әрі толықтырылмайды. Ел ішінде де ұшақпен қатынауға шектеу жоқ.

Карантинге байланысты кейбір пойыздар уақытша жүрмейді, кейбірінің қатынау жиілігі қысқарды. Қала маңында қатынайтын электр пойыздарының қозғалысы тоқтатылды. Пойызбен жүру үшін ПЦР-тест анықтамасы қажет емес.

Өңірлер арасында қалааралық автобустар тоқтатылғанымен, жеке автокөлікпен жүре беруге болады.

Сонымен қатар, қоғамдық көліктің жұмыс уақыты шектеледі. Енді автобустар таңғы уақытта 06.00-ден 10.00-ге дейін, ал кешке 17.00-ден 21.00-ге дейін жүреді.

Тағы оқыңыз: «Адамдар ковидтен емес, дұрыс емес емнің кесірінен өліп жатыр»: Дәрігер Тоқаевқа үндеу жасады (ВИДЕО)

Ал Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көлік 14 күнге тоқтайды. Автобустар мен автопарктерде дезинфекция жүргізіледі.

Көшеде үш адамнан артық серуендеуге болмайды

Ойын-сауық, спорт, отбасылық, еске алу шараларын өткізуге тыйым салынады.

Көшеде, саябақтар мен скверлерде үш адамнан артық серуендеуге болмайды. 65 жастан асқан адамдардың сыртқа шығуы шектеледі.

Карантин кезінде далада жаттығу жасауға рұқсат етіледі.

Екі аптаға жабылған нысандар

  • сұлулық салондары мен шаштараз;
  • спорт залдары, фитнес орталықтар, бассейндер;
  • азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлар;
  • жағажайлар мен аквапарктер;
  • мәдениет нысандары, музейлер, көрмелер, форумдар, конференциялар мен өзге де ұйымдастырылған бұқаралық шаралар;
  • ойын-сауық орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелері (кезекші топтардан басқа);
  • балаларды сауықтыру лагерлері;
  • діни нысандар;
  • караоке, бильярд, компьютер клубтары, боулинг орталықтары, кинотеатрлар, фудкорттар, банкет залдары.

Қызметін жалғастырады:

  • Алдын ала жазылу бойынша медицина орталықтары;
  • дәріханалар,
  • азық-түлік дүкендері;
  • ашық базарлар;
  • ашық аспан астындағы қоғамдық тамақтану нысандары;
  • үздіксіз өндірістік айналымы бар құрылыс, өнеркәсіп кәсіпорындары;
  • ашық ауадағы құрылыс жұмыстары;
  • ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы жұмыстары;
  • халыққа қызмет көрсету салалары, оның ішінде автокөлік жуу, автомобильдерді және тұрмыстық техниканы жөндеу, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, екінші деңгейлі банктер (жұмыс уақыты шектелген).

Мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), кеңселердің, ұлттық компаниялардың және өзге де ұйымдар қызметкерлерінің кемінде 80 проценті қашықтан жұмыс істейді.

Карантинді бұзғандар жауапқа тартылады

Карантин режимін және санитарлық-эпидемиялық талаптарды бұзған қазақстандықтар айыппұл арқалайды.

Тағы оқыңыз: Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қайтыс болды

Жеке тұлғаларға 30 АЕК немесе 83 340 теңге, ал кәсіпкерлерге 230 АЕК-тен немесе 638 940 теңгеден жоғары айыппұл салынады.

5 шілдеден 19 шілдеге дейін созылатын карантин кезінде кірісінен айырылған азаматтарға 42 500 теңге төленбейді.