Аса көрнекті ғалым Рәбиға Сыздықова дүниеден озды
Аса көрнекті ғалым, тіл білімінің білгірі болған Рәбиға Сыздықова 96 жасында дүниеден озды.
Рәбиға Сыздықова 1924 жылы 17 тамыз айында Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында дүниеге келген.
Әкесі Сәтіғали Құтқожин төңкеріске дейін орысша оқыған,көзі ашық адам болған. Балаларын қазақ мектептерінде оқытқан. Почта бастығы болып тұрғанында 1937жылы дүрбелеңде ұсталып кетіп, қайта оралмаған. Анасы Жеміс пен әкесінің Еркінғали деген тете інісі бар.
Рәбиғаның төл тіліміздің қамқоры болуына осы екі адамның шарапаты тиіпті. «Халық жауының» бала-шағасы сан зобаланды бастарынан кешсе де, өмірге деген құштарлықтарын жоғалтқан жоқ… Сенімін алға ұмтылдырды.
Үздік дипломды алғыр қыз 1948 жылы түрік, француз тілдерін жақсы білетін, халықаралық право саласынан қазақтан шыққан алғашқы ғылым кандидаты, дипломат Мақаш Сыздықовқа тұрмысқа шықты. Мақаш қайтыс болғанда,беске толмаған жалғыз ұлы Әсет кейін әке жолын қуып, дипломат болды,бірнеше шетелдерде дипломаттық қызмет атқарды,бес тілді меңгерген азамат Рәбиға Сыздықоваға екі ұл,бір қыз немере сүйдірді. Тағдырлас адамдар ортақ тіл табысады. «Халақ жауы» атанып, «16 жол өлең үшін 18жыл қуылып»айдауда болған асыл азамат,ақын,халық артисі Шахан Мусин даңғарадай үйде үш баламен сенделіп қалғанда, Рәбиға Сыздықова қол ұшын берді. Екеуі де сөзді пір тұтқан,бірін-бірі емеурінен түсінетін тұлғалар қиын шақта бірін –бірі демеп,қолдап,ұлтының сүйіспеншілігіне бөленді. Екі отбасының түтіні маздады. Он екі жасында әкесінен айрылған, отызында қосағынан көз жазған қайсар әйел өмірлік серік тапқан соң, ғылымға айрықша ден қойды. Рәбиға Сыздықова – сөз тарихына, сөз әсемдігіне,сөз сазына,әуеніне,қолданылу мәдениетіне терең бойлап, білгірлікпен талдау жасаған сирек талант,ірі ғалым. Сөздің мәнін ашу,көне жазбалардағы сөздердің қалай қолданылғандығын анықтау зор жауапкершілікті,ұқыптылықты,төзімділікті қажет етеді. Профессор бұл қиындықтарды сезіп біле тұра тіл тарихын зерттеуге ерекше ден қойды. «Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХV-ХІХ ғасырлар)» атты еңбегінде сан ғасырлық тарихы бар, миллиондаған адамдарға қызмет етіп отырған,мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі сияқты ірі тілдің тұтас бес ғасырлық тарихын таныту үшін, оның белгілі бір кезеңдердегі күй-қалпын сипаттау, жеке ескерткіштердің тілін талдау,функционалдық стильдерінің пайда болып,әрі қарай қалыптасуын зерттеу, жеке қаламгердің үлесі мен рөлін көрсету сияқты жұмыстардан бастап,әдеби тілдің өзінің статусын айқындау,даму кезеңдерін дәуірлерге бөлу,әр кезеңдегі даму принциптері мен бағыттарын дұрыс табу тәрізді қыруар мәселелерді шешіп алуға айрықша қажыр – қайрат жұмсады.
Рәбиғаның ғылымдағы жүріп өткен жолы- көпке үлгі боларлық тағылымды жол,ал оның тағдыры-советтік дәуірде туып, білім алған,ғылымға құлаш сермеген қазақ қызының өнегелі тағдыры.
Жақсы әке–шешенің дұрыс тәлім-тәрбиесін көріп өскен Рәбиға Темір педучилищесінде де беделді, білімді педагог Бақытжан Алтыбаевтың ұстаздық тәрбиесін көріп, қанаттанып жетіле түседі.Осы мұғалімнің білімдарлығы Рәбиғаның ана тілінің маманы болуына ықпалын тигізеді. «Жақсыдан – шарапат» дегендей, енді оның ана тілін терең білуге құштарлығы артады.
Рәбиға қызмет жолын 1940жылы Темір педучилищесін үздік бітірген соң, сол кездегі «Алға» поселкесінде бастауыш мұғалімі болып орналасып, сабақ береді. Сол кездегі шәкірттері: Қобдабергенов Шымкент қорғасын заводының директоры, Сұният Нұрмұқанбетов – тарих ғылымының кандидаты, Бәкір Тәжібаев пен Ізтай Мәмбетов- белгілі ақындар.
Соғыс уақытында 1942-45жылдары ол Темір,Ақтөбе қалаларындағы мектептерде мұғалімдік қызмет атқарады. Кейіннен Ақтөбедегі екі жылдық мұғалімдер институтын үздік бітіріп шығады. Алайда,Рәбиғаны өз білімімді толықтырсам ба деген ой күн сайын мазалай береді. Соғыс аяқталып,ел бейбіт тіршілікке көшкен соң оқуға талпынады да Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің ІІІ курсына студент болып қабылданады. Оқуды 1947жылы бітіріп шығады да осы институттың аспирантурасында оқиды. Студент кезінде–ақ «Қазақ тіліндегі изафет» деген тақырып бойынша жасаған баяндамасы оның тіл біліміне икемдігінің бар екенін аңғартты. Баяндамасында келтірген мысалдарының да тәлім –тәрбиелік маңызы бар еді. Ол А.П. Чеховтың мақал болып кеткен мына сөзін алып, оған изафеттік талдау жасады; «Адамда барлығы да әдемі болуға тиіс: оның түрі де,киімі де, жаны да, ойлары да сұлу болуы керек ». Осындай белсенділігімен Рәбиға Сыздықова жұртшылықтың көзіне ерте түсе бастады, ғылыми қабілетімен танылды.
Р.Сыздықова жыл сайын бір еңбек шығарып отырған. Осындай жарияланған ғылыми еңбегі жағынан алғанда, онымен басқа лингвистеріміз жарыса алмайды.Сондықтан да болар ол басқарып отырған тіл мәдениеті бөлімі институт бойынша «Социалистік жарыстағы жоғары көрсеткіштері үшін» деген жүлдені басқа бөлімдердің ешбіріне берген емес. Р.Сыздықованың басты-басты еңбектерін қысқаша атап өтейік: 1.«Қазақ тілі методикасының негізгі мәселелері»(1954 жыл). 2. «Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясы бойынша анықтағыш» (1959 жыл). 3. «Қазақ тілі орфографиялық сөздігі (соавтор, 1960 ж.) 4. «Абай шығармаларының тілі» (1968 ж.) 5. «Абай өлендерінің синтаксистік құрылысы » (1971 ж.) 6. «Сөздер сөйлейді» (1980 ж.) 7. «Сөз сазы» (1983 ж.) 8. «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1984 ж.) 9. «Жаңа сөздер мен тіркестер» (соавтар, 1984 ж.) және т.б. Р. Сәтіғалиқызы «Абайдың сөз өрнегі», «Сөз құдіреті» және «Сөздер сөйлейді» атты үш монографиялық еңбегін баяндау стилімен тақырыбы жағынан өзіне өте ыстық кітаптар санайды. Әсіресе көркем мұраларды құмарта оқитын жұртшылықтың қолына тиген «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994) деген еңбегі ғалымның аса бір зеректікпен орындаған жұмысы болды.