Назарбаев үлкен Буш жайлы: Ол – біздің тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған көшбасшылардың бірі

0

Астана, BAQ.KZ. Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың 43-ші Президенті Джордж Уокер Бушқа көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының 41-ші Президенті Джордж Герберт Уокер Буштың қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

– Сіздің әкеңіз өз елінің нағыз патриоты болды әрі Американың өркендеуіне адал қызмет етті. Ол қырғи-қабақ соғыстың аяқталуына және жаһандық қауіпсіздікті сақтауға зор үлес қосқан аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде әлем тарихында өшпес із қалдырды.

Қазақстан халқы Джордж Бушты екі жақты достық қарым-қатынасты орнатуға және оны нығайтуға көп күш жұмсаған дана саясаткер ретінде әрдайым есте сақтайтын болады. Ол – біздің тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған көшбасшылардың бірі.

Біз Джордж Буш екеуіміз жақсы дос болдық және жиі кездесіп тұрдық. Оның Техастағы резиденциясында, әсіресе 2006 жылы Кеннебанкпорттағы үйінде маған көрсеткен қонақжайлығын әрқашан жылы сезіммен еске аламын.

Барша Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан Сізге және бүкіл Америка халқына көңіл айтамын, – делінген жеделхатта.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ