журналистикадағы продюсер – келіссөз жүргізуші
Материалға кейіпкер тауып, онымен қалай диалог жасауға болады, байланыстар базасын қалай пайдалану керек және кейіпкер түсірілімнен бас тартпау үшін журналистер не істеуі керек – продюсерлік жасау құпиялары
НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Федералды телеарнаның продюсері Елена Воронцова көрші елдердің БАҚ өкілдерімен өткен SputnikPro вебинарында жаңалықтың продюсері кім екенін және ол журналистің материалын дайындауда қандай рөл атқаратынын айтты.
«Бірнеше жыл бұрын продюсер деген қызмет болған жоқ. Тілшілер бәрін өздері жасады. Жемісті жұмыс істеу үшін продюсер қызметі пайда болды», — деп атап өтті ол.
Қызметкер белгілі бір бағытта – мысалы, спорт, медицина, саясат немесе барлығымен бірдей айналысуы мүмкін.
«Продюсер – процесті ұйымдастырушы, бұл телефондар базасы, кейіпкерді көндірудің әр түрлі тәсілдері, видео жеткізу жұмыстары. Продюсер – келіссөз жүргізуші!» — деп есептейді Воронцова.
«Меніңше, ең қиыны – төтенше жағдайлар мен апаттар тақырыбы: сауда орталықтарындағы өрт, ұшақ апаттары және тағы басқалар. Қайтыс болған немесе жарақат алған адамдар көп болады, ал саған туыстарымен сұхбат жазу қажет», — дейді сарапшы.
Маман сұхбаттасушыны баспасөзбен қарым-қатынас жасауға көндірудің бірнеше әдісі бар екенін айтты.
«Кейіпкеріңізді жақсы көріңіз, оның тілін тауып сөйлесіңіз, бір нәрсені білмейтініңізді көрсетуден қорықпаңыз», — деп түсіндірді ол.
Кейіпкермен қарым-қатынас жасаудың бастапқы кезеңі хат алмасудан тұрады, оның мақсаты – телефон нөмірін алу, тікелей телефон арқылы сөйлесу және жеке кездесу.
«Бірде менің келіссөзім екі сағатқа созылды! Бүкіл редакция болды ғой енді, телефон тұтқасын қой деп ымдады. Кейде келесі күні қоңырау шалудың нәтижесі болатынын әрдайым сезуге тиіссіз, егер ойын өзгертсе, оған телефон нөміріңізді қалдырыңыз» – дейді Елена Воронцова.
Түсірілімге рұқсат алу үшін ресми хат жіберіледі, оның сол мекенжайға түскені қарапайым жолмен – телефон қоңырауы арқылы міндетті түрде тексеріледі.
«Егер бас тартып, түсірілім жасау мүмкін емес десе, ресми түрде бас тарту туралы хат сұраңыз, кейде бұл қызметтерді тығырыққа тірейді. Дереу түсірілімге келісім береді!», — деп толықтырды сарапшы.
Кейіпкердің түсірілімнен бас тартуы да материал. Мысалы, камерадан қашып бара жатқан адам – жанды көрініс, деп санайды Елена Воронцова.
SputnikPro білім беру жобасының тоғызыншы онлайн-сессиясына Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Абхазия және Осетия БАҚ өкілдері қатысты.
SputnikPro – халықаралық Sputnik ақпарат агенттігі мен радиосының журналист, студент, баспасөз қызметі мен медиа саласында жұмыс істеп жүрген маман иелеріне арналған жоба. Оның мақсаты – тәжірибе алмасу әрі медиа саласында кәсіби байланысты нығайту.
2018 жылдың наурызынан бері оған 80 елдің өкілі қатысқан. SputnikPro шеберлік сағаттары мен семинарлары Әзербайжан, Армениядан Үндістанға, Грекиядан Қытайға дейін 22 елде ұйымдастырылды.
sputniknews.kz