Ұлттық қорды көбейту қажет – Назарбаев

0

Экономикалық қиын жағдайларға қарамастан, «Самұрық-Қазына» қоры үкіметке дивидендтер төлеуге дайын

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры экономикалық қиын жағдайға қарамастан, үкімет алдындағы дивидендтер төлеу бойынша міндеттемелерін орындауға дайын. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов мәлімдеді. 

«Мен Қордың дивидендтік саясатына тоқталғым келеді. Экономикадағы қиын жағдайларға қарамастан, Қор жалғыз акционер – үкімет алдындағы дивидендтерді төлеу бойынша өз міндеттемелерін орындауға дайын. Биыл бұл 120 миллиард теңгені құрайды», – деді Есімов Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес отырысында.

Қор 2009-2016 жыл аралығында Ұлттық қордан 2,3 триллион теңге қарыз алды деп жалғастырды ол.

«Төлем 2026 жылы басталуы керек еді, бірақ біз мерзімінен бұрын төлей бастадық. Қазіргі кезде 465 миллиард теңге немесе қарыздың 20 пайызын мерзімінен бұрын төледік. 2020 жылы тағы 100 миллиард теңге жіберуді ойлап отырмыз», – деді Есімов.

Өз кезегінде Назарбаев Ұлттық қорды көбейту қажеттігін ескертті.

«Ұлттық қорды ортақ күштер арқылы көбейтуіміз керек. Бұл бізге қажет болады. Болашақта бізді не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Мұндай вирус пайда болатынын ешкім де білмеді», – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Елбасы ұлттық әл-ауқат қорына экономиканы қалпына келтіру мен одан әрі дамытуда басты рөл берілгенін атап өтті.

«Қор компанияларының жиынтық активтері 28 триллион теңгеге жетті – бұл ЖІӨ-нің 40%-ін құрайды. Өткен жылы «Самұрық-Қазына» АҚ көрсеткіштерінің оң динамикасы 2020 жылға арналған белгілі бір резерв қалыптастыруға мүмкіндік берді», – деді Назарбаев.

Оқи отырыңыз: «Қазатомөнеркәсіп» акциялары сатылғаннан кейін ұлттық қор $206 миллионға толықты

Айта кетейік, жақын күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес туралы арнайы репортаж республикалық арналардан көрсетілетін болады.



sputniknews.kz