Стратегиялық жоспар жаңа экономикалық сын-тегеуріндерге жауап болады – Мамин
Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары президенттің қарауына 1 тамызға дейін ұсынылады
НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин президент жанындағы экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысын өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Мамин мемлекеттік комиссияның басты міндеті Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жобасын жаңа редакцияда әзірлеу екенін атап өтті. Жоба президенттің қарауына осы жылдың 1 тамызына дейін енгізіледі.
Құжатта орташа мерзімді кезеңге арналған елдің жаңа экономикалық бағытының бағдарлары айқындалады. Оның ішінде сыртқы экономикалық конъюнктурадағы өзгерістерді ескеріп, экономикада институционалдық және құрылымдық реформаларды жүргізуге қатысты түбегейлі жаңа тәсілдер қамтылады.
«Стратегиялық құжат ағымдағы және әлеуетті экономикалық сын-тегеуріндерге жауабымыз болады. Бізге еліміздің бәсекелі артықшылықтарын барынша пайдаланып, Қазақстан экономикасының жаңа құрылымын қалыптастыру бойынша шараларды әзірлеп, қабылдау қажет», — деді Мамин.
Тағы оқыңыз: Үкімет экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды бекітті
Ол мемлекеттік қолдауды отандық өндірістің әлеуетін көтеруге бағыттау арқылы экономиканың дербестігін арттырудың, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және Қазақстанды әлемдік азық-түлік хабына айналдырудың, шағын және орта бизнесті дамытудың, сондай-ақ, барлық саланы цифрландырудың маңыздылығын атап өтті.
Бұған дейін Мамин ұлттық экономика министрлігіне Қазақстанның 2025 жылға дейінгі жаңа стратегиялық даму жоспарын 1 шілдеге дейін үкіметке енгізуді тапсырған болатын.
sputniknews.kz