Полигоннан тұншыққан ауыл: малдың өлексесіне дейін тастайды — Қазақстан жаңалықтары

0

Қорғалжын тұрғындары елдімекен маңындағы қоқыс полигонымен күресіп әлек. Жылдар бойы жиналған қалдықтар әбден шіріп, одан қалды күні-түні өртенеді екен. Содан шыққан иіс ауыл ішіне кіріп, тұрғындар демалу мүмкін емес, — дейді. Қоқыстан бөлек полигонға малдың өлекселері тасталандықтан, бұл жер жабайы аң-құстардың мекеніне айналған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.

Қорғалжын қорығының іргесінде бірнеше гектарға жайылған қоқыс полигоны орналасқан. Жұрт бұл жерге бірнеше жылдан бері тұрмыстық қалдықтар, құрылыс заттарын тастап кетеді. Мұнда күніне жүздеген ауыр техника тиелген қалдықтар төгіледі. 

Қоқыс тастау үшін бірнеше көлік келді, алайда түсірілім тобын көрген жүргізушілер қоқысын төгер-төкпес қашып кетті. Жүргізушілер сыбайластарына хабарласқан болу керек, артынан келген жүк көліктері де полигонға кірмей, кері қайтып жатты. Ал, полигон ортасына қарай алаңсыз малдың қиын тастап жүрген тұрғындар да болды. Олар, бұл қоқыс тастайтын орын баяғыдан бері барын айтады.

«Мен бүгін бірінші рет, екінші рейс жасап жатырмын. Рұқсат бар ма бұл жерге қоқыс тастауға? Бар шығар бәрі тастап жатыр ғой. Жалпы күніне қанша рейс жасайсыздар? Білмеймін, мен бүгін бірінші рет екі рейс жасадым. Қандай қоқыс тастайсыздар? Сол малдың тезегі ғой», — дейді Қырықбай Омаров, Қорғалжын елдімекенінің тұрғыны. 

Экологтардың сөзінше, қалдық тастайтын орындар мен елді мекендердің арасы 1 шақырымнан кем болмауы тиіс. Бұл полигон ауыл маңына тиіп тұр. Одан бөлек, жергілікті жайылым да тым жақын орналасқан. Тіпті, төрт-түлік осы жердегі тасталған тұрмыстық қалдықтармен де қоректенетін көрінеді.

“Жалпы ауыл әкімі рұқсат берді ме, бұл жерге қоқыс төгуге? Организация бәрі төгіп жатыр ғой. Біз жәй адамбыз қарапайым. Күніне қанша рейс жасайсыздар? Бұл полигон тұрғанына неше жыл болды? Біз ес білгелі, бала кезден бар. Негізі, арғы жақта болған. Бірақ, ол жақ былықпай болып кетті. Тәртіп жоқ. Не істейсің енді», — дейді Азамат Есжанов, Қорғалжын елдімекенінің тұрғыны. 

Ауыл әкімдігі де қоқыс полигонын біледі. Қоршаған ортаға қаншама залал келтіріп жатқанынан да хабардар. Сол үшін, арнайы экологтарды шақырып, айналаға зерттеу жүргізген көрінеді. Ал, жергілікті жұртқа ол жерге қоқыс тастауға болмайтыны ескертілгенімен, оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ, дейді атқамінер.

«Оны арнайы эколог мамандар келіп биыл, соларды зерттеп, құжаттарды рәсімдеу үстіндеміз қазір. Айына бір рет, екі айда бір рет экологиялық сенбілік жүргізіліп сол жерде, маңайына төгілген қоқыстар жиналып тұрады. Қоқысты ол жерге көктем кезінен шыққан қоқыстарды енді тұрғындар апарып тастайды», — дейді Мадияр Амангелдинов, Қорғалжын ауданы әкімінің орынбасары. 

Оқтын-оқтын арнайы экологиялық сенбілік өткізіп тұрамыз деген жергілікті әкімдік өкілдері, алдағы уақытта қоқыс полигонын басқа жерге көшіру жайын қарастырып жатқандарын айтады. Тиісті құжаттар рәсімделіп, қалдықтарды тазарту жұмыстары басталатын көрінеді. Бірақ, ол ақжағалылардың қай жылғы жоспарына енгізілгені белгісіз.

stan.kz