Әңгіме: Сүлеймен Баязитов | Өлең кімдікі

0
азiрде әдебиет оқулықтарының олқы соғып жатқан тұстары хақында сөз етушiлер, қалам тербеушiлер аз емес. Солардың көпшiлiгiнiң оқулық авторларының кемшiлiгiн көре тұрып, көрсете отырып, ой өрбiткендегi көздеген мақсаты – жас ұрпақты шынайы әдебиет мәйегiмен ауыздандырып, әз халқымыздың асыл мұрасын сүйiп, бiлiп өсуiне азды-көптi қол ұшын беру ғой.

«Жүйрiкте де жүйрiк бар, әлiне қарай жүгiрер» демекшi, ортаға ой салушылардың бәрiнiң айтқаны айнақатесiз деудiң де жөнi келе қоймас. Осыны түсiне, түйсiне отырып, тәуекелге бел буған жайым бар. Сонау 1950 жылдары «Ананың сүюi» атты осы өлеңдi төменгi сыныпта оқып жүргенде, таңдайымыз тақылдап жатқа айтатын едiк:

Кiм сендердi, балалар, сүйетұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетұғын?
Түн ұйқысын төрт бөлiп, кiрпiк қақпай,
Шешең байғұс, дамылсыз жүретұғын.
Кiм сендердi, балалар, тербететiн,
Еркелетiп, ойнатып, сергiтетiн.
Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,
Қамқор анаң көз жасын көлдететiн.
Кiм сендердi сағынар шетке кетсең,
Ғылым iздеп, тез қайтпай көпке кетсең.
Ұмытпа, ең кемiнде жұлдыз сайын,
Хат жазып тұр, төбесi көкке жетсiн.
Кiм сағынар сендердi келгенiңше,
Құлындарын көзiмен көргенiнше?
Сендер қайтып келгенде адам болып,

Еш арманы болмас ед өлгенiнше, – деген шумақтарды құлақтары шалған ата-аналарымыз кiмнiң өлеңi екенiн бiлуге ынтығатын. Ыбырай Алтынсарин дер едiк бiз кiтапқа үңiлiп. Арада жылдар өте шықты…

Красноармейка орта мектебiне мұғалiм болып орналастым. Бiрер жыл тарих пәнiнен, содан кейiн жоғары сыныптарда қазақ тiлi мен әдебиетiнен сабақ бере бастадым. Бiр күнi кезектi сабаққа дайындалып отырып, жоғарыда келтiрiлген өлең жолдарына көзiм түстi. Бұл Алматыдағы «Мектеп» баспасынан 2004 жылы жарық көрген 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиетi» оқулығы едi. Өлең авторы – Мiржақып Дулатов делiнген. «Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көрерсiң» демекшi, 2006 жылы Астана «Астана-ПВ» баспасынан 10-сыныпқа арналып жарық көрген «Қазақ әдебиетi» хрестоматиясында тайға таңба басқандай етiп, «өлең авторы Ыбырай Алтынсарин» деп көр­се­тiлген.

Осы арада 8-сыныпта өлеңдi «Мiржақып Ду­ла­товтікі», 10-сыныпта «жоқ, өлең Ыбырай Алтынсарин­дiкi» деп түсiндiруге мәжбүр болған мұғалiмнiң екi оттың ортасында қалғаны айтпаса да түсiнiктi болса ке­рек. Ұмытып барады екем, өлеңдi Ыбырай Алтынсарин­нiң пайдасына шешкен жалпы бiлiм беретiн мектептiң 9-сыныбына арналған оқулықтың, «Мектеп» баспасы, 2005 жылғы авторлар алқасы өздерiнiң «Ыбырай Алтынсарин» атты мақаласында: «Әсiресе, «Ананың сүюi» атты өлеңiнде тұн ұйқысын төрт бөлiп, ақ сүтiн берiп асыраған, еркелетiп өсiрген, жақсылыққа үндеп, жамандықтан сақтандырған, еңбек сүюге елгезек етiп тәрбиелеген ананың ұшан теңiз еңбегiн айта келiп, ұмытпай, ең кемiнде жұлдыз сайын хат жазып тұрсақ, анаңның төбесi көкке жеткендей болады, қарапайым өлең жолдарымен жеткiзе бiлген», – дейді. «Тiл – буынсыз» деген осы болар, «қарапайым өлең жолдары» де­ген де болады екен-ау! Оны да қойшы, бiресе Мiржақып Дулатовтың, бiресе Ыбырай Алтынсариннiң қан­жы­ғасына байланып, көкпарға айналған осы өлең кiмдiкi?! Мал иесiн анықтауға оқулықты баспаға дайындаушы мүйiздерi қарағайдай ғалымдарымыздың қауқары жетпеген деуден аулақпыз. Дегенмен, нем­құрайдылық «менмұндалап» тұр. Қалай десек те, оқу­лықта оралымсыздыққа, орашолақтыққа жол берiлмеуi қажет. Мұны ғылыми қағида десе де болады.