Түлектердің ата-аналарына ҰБТ тапсыру пункттеріне келуге тыйым салынды — Қазақстан жаңалықтары
Ата-аналарға балаларын Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Бұл туралы үкімет отырысында ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа тұлғаларға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-аналарға ҰБТ өту барысын сол жерге келмей-ақ үйінде отырып көру үшін онлайн көрсетілімді ұйымдастырамыз. ҰБТ өткізу пункттері тосқауыл таспаларымен жабдықталады. ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібінде тестілеушілердің арасында 2 метр қашықтықтың сақталуы қамтамасыз етіледі. Бұл 2 метр арақашықтық ҰБТ тапсыратын аудитория ішінде де сақталады», — деді министр.
Коронавирустың таралу қаупін азайтуға арналған қосымша тағы 5 сақтық шарасы қолданылады.
«Біріншіден — тест тапсырушыларды заласыздандыру туннельдерінен өткізу. Екіншіден — аяқ киімдерді арнайы заласыздандыру кілемшелерімен өңдеу. Үшінші — еденді санитайзерлермен заласыздандыру. Төртінші — әр талапкердің дене қызуын өлшеу. Бесінші — бір жолғы қолданылатын жаңа маскалар беру. Жалпы, бас санитарлық дәрігермен келісілген қатаң санитарлық талаптар барлық жерде сақталатын болады», — деді Асхат Аймағамбетов.
Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу кезінде түрлі гаджеттерді, байланыс құралдарын, шпаргалкаларды, әдебиеттерді кіргізуге тыйым салынады.
Естеріңізге салсақ, биыл қазақстандық түлектер ҰБТ-ны 20 маусым мен 5 шілде аралығында тапсырады. Тестке қатысуға 130 мыңнан астам адам өтініш берді.
stan.kz