Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі атанған опера әншісі немен айналысады? Сүндет Байғожин жауап берді — Қазақстан жаңалықтары
Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі атанған белгілі опера әншісі, мемлекеттік награда иегері Сүндет Байғожин жаңа қызметінде немен айналысады? Қандай салаға жауап береді? Stan.kz тілшісі өнер майталманының өзіне хабарласып, анықтап білді.
Опера әншісі өзіне сенім артқан Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықоваға алғысын білдіріп, алдағы уақытта аймақтың мәдениет саласын дамытуға бар күшін салатынын жеткізді.
«Облыс әкімі сол жақтың тумасы болғандықтан, шынайы жанашырлық білдіруде. Аймақтың мәдени имиджін қалыптастыруға күш салмақ. Сондықтан ол кісі еліміздің әртүрлі саласындағы үздіктерін тартып жатыр. Спорт саласын дамыту үшін Илья Ильин де шақырылды. Мен де ұсынысты қабылдауды жөн көрідім», — дейді өнерпаз.
«Бірден кесіп айтайын, мен тек мәдениет саласына жауап беремін. Осы саланы дамыту үшін кеңесші болып тағайындалдым. Аймақтың классикалық өнерін алдыңғы қатарға шығаруға тырысамыз. Әрине, осыған байланысты аймақтың мәдениет департаменті мен оның басшысымен үнемі байланыстамыз. Сонымен қатар әкімдіктің барлық мәдени шараларына қатысамын», — деп бөлісті әнші өзінің қызметі мен міндеттері туралы.
Әншілік туралы ол: «Өнерімді ешқашан тастамаймын, өзімді әріқарай да опера өнерінің майталманы ретінде дамыта бермекпін», — деді.
Сыр елінің өнері мен мәднениетін дамытуға қатысты жоспарлары туралы Сүндет Байғожин: «Идеялар көп. Дәстүрлі музыканың дамуына жағдай жасамақпыз, өйткені ол жердің дәстүрлі ән өнері керемет дамыған, бүкіл елге үлгі боларлықтай. Театр құрылысын бастау жоспарда. Бұл — барлық аймақ өнерпаздарының үлкен алаңына айналмақ. Осы уақытқа дейін 20 жылға жуық өнер саласында жинаған тәжірибемді Сыр елінің өнерін дамыту үшін сарп етемін», — дейді әнші.
stan.kz