Алматы облысында күйеуінен жәбір көрген әйел мен оның төрт баласын полицей үйіне алып кетті, пана етті — Қазақстан жаңалықтары
Алматы облысы Талғар ауданы Қызылту ауданында отағасынан озбырлық көрген отбасыны жергілікті полицей үйіне алып кетіп, пана етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Полиция қызметкері Данияр Сұлтанбеков
Бұл туралы «Не молчи» қоғамдық қорының өкілі Дина Таңсәрі жазды.
«Әйел соңғы кездері жұбайынан қатты қорлық көріп жүргенін айтты. Бұған қоса қатыгез азамат жарымен қоса, өзнің үлкен 15 жастағы қызына да қол көтеретін болған. Әкесінен таяқ жеген қыз Іле ауданындағы туыстарына қашып кеткен. Азаматша полицейлерден қайыр жоқ екенін айтып, зорлық құрбандарына арналған орталыққа алып баруын өтінді», — деп жазады қоғам белсендісі.
Дина Таңсәрінің сөзінше, ол әйелге полицейлерді шақырту керектігін айтқан. Алайда келіп жеткен тәртіп сақшылары Талғар ауданында күйзеліс орталығы жоқ екенін айтыпты. Бұған қоса учаскелік инспектор тек түнгі 23:00-ге дейін кезекшілік етеді екен.
«Енді не істейсіздер? Сіздер ер азаматты тек үш сағат қана ұстай аласыздар ғой деп айттым. Сөйтсем әлгі полицей «мен әйел мен оның балаларын үйіме алып кетемін, таңертең учаскелік полицеймен мәселені шешеміз» деп айтты», — дейді Таңсәрі.
Қоғам белсендісі полицейдің бұл әрекетіне қайран қалғанын айтып, оған алғысын білдірді.
«Қиын сәтте көмегін аямаған полиция офицері Данияр Сұлтанбековқа мың алғыс! Біз осындай қызметкерлермен мақтанамыз», — деді қоғам белсендісі.
Қазіргі таңда отбасы Алматыдағы күйзеліс орталығына орналастырылыпты.
stan.kz