14 жасында қырық жігіт зорлады деген Қызғалдақ — Қазақстан жаңалықтары

0

«Кел, татуласайық» бағдарламасының кейіпкері Қызғалдақ Талғатқызы 14 жасында зорланғанын айтып, эфирде өз мұңын шаққан еді. Арада уақыт өтіп Қызғалдақ есін жиып, енді ештеңеден қорықпай осы істі соңына дейін апарамын, алимент төлетуге құқылымын дейді. Stan.kz тілшісі Қызғалдақтың өзімен және адвокатымен тілдесіп, істің қалай өрбіп жатқанын сұрап білді. Қаршадайынан зәбір көрген оған бір емес үш жігіт зорлық көрсеткен. Іс сотқа жетпей жабылып қалған.

Қызғалдақ

Алматы облысы Нарынқол ауданының тумасы Қызғалдақ Талғатқызы қазір 18 жаста. Үш жасар Нұралидің анасы. Небәрі 14 жасында ауыл жігіттерінен зорлық көрген ол екіқабат болып қалғанын естігенде сенбегенін айтады. 

«Зорланған соң екіқабат екенімді бір айдан соң білдім. Сол зорлықтан кейін мектепке қиналып әрең барып жүрдім. Мектептегі медқызметкерлері тексеріс жүргізгенде анықтады. Бірінші білген кезде сенген жоқпын. Не болғаны жайлы директорым және мектеп психологы сұрады. Бірақ ештеңе айта алмадым. Қателескен шығар деп те ойладым. Олар Алматыдағы әпкеме хабарласып мектепке шақырған. Мектеп басшылығы әпкеме ақша беріп, түсік жасатасыздар деп айтқан. Әпкем не істерін білмей ақшаны алған. Қалаға таныс гинекологымызға келіп қаралғанда түсік жасатуға болмайтынын айтты. Себебі менің ағзам ол кезде дұрыс жетілмеген, түсік жасататын болсам өліп кетуім де мүмкін екенін айтты», — деген Қызғалдақ содан кейін туысқандарға айтамыз деп шешкен.

Туыстары естігенде «әулетімізді масқараладың, сен бізді қарабет қылдың, ондай қыз емес едің ғой» деген сынды ауыр сөздер айтқан. Бірақ олар сол кезде зорланғаны туралы ештеңе білмеген. Сондықтан жақындары ондай іске Қызғалдақ өз еркімен барған деп ойлаған. Сол кезде жанынан табылып қолдаған үйіндегі әкесі мен жақын бауырлары екенін айтады.

«Олар мені зорлап кеткенін білген жоқ, басында өз еркіммен болды деп ойлаған. Зорланғанымды тек әкеме ғана айттым. Үйімдегілер мені қолдады және түсінді. Басы артық әңгіме айтып маған қысым көрсеткен жоқ», — дейді ол.

«Шыны керек, аяғың ауыр деп айтқанда ішімді ұстап жыладым. Баламды алдырмаймын, соңына дейін барамын деп тұрып алдым.  Менде баламды алып тастаймын, тумаймын немесе бекер тудым екен деген ой болмаған. Қайта баламды аман-есен, сау күйінде туып алғаныма қуанамын. Мен аналар үйінде босанған соң сондағы дәрігерлер көп көмектесті», — деген Қызғалдақ эфирге шығып көмек сұрауға баламның тілегі түрткі болды дейді. Қазіргі таңда баласы өз қолында. Тек эфирге шығатын кезде құрбысына тастап кететінін айтады. 

«Баламның әкесімен осы күнге дейін сөйлесіп, хат-хабар алысып тұрдық. Бірақ уақыт өте келе мен бір өзім баланың қажеттіліктерін өтей алмайтынымды айтып, алимент төле дедім. Оның үстіне балам да әкесін іздеп, «әкеме барғым келеді, ол қайда?» деп менен сұрай бастады. Ал әкесі (Дидар есімді жігіт) менің балам емес деп бас тарта бастады. Бірақ ДНК тесті жасалғанда 99% баласы екенін көрсетті. Бірақ дәл қазір ол қағаздар қолымызда жоқ, соттың архивінде жатыр», — деген ол іспен қорғаушысы айналысып жатқанын айтады.  

Қызғалдақтың сөзіне сенсек, кейбірі қолдағанымен, жақындары әлі күнге эфирге хабарласып наразылығын айтып жатқан көрінеді. 

«Мен ол кісілерге ештеңе айтпаймын. Соңына дейін барғым келеді. Маған бәрібір, ұят, ар маңызды емес. Қазіргі уақытта баламның болашағы, өмірі маңызды. Балам қысылып жыласа мен де қысыламын. Осы уақытқа дейін не туысқаным, не жақыным, досым көмектескен жоқ. Сол үшін өзімді өзім қолға алып, нақты қадамдар жасап жатқанда олардың қарсы пікір білдіріп жатқаны мен үшін маңызға ие емес», — деген ол осындай жағдайда жүрген қыздарға айтары бар.

«Ол қыздарға қорықпаңыздар деп айтар едім. Кезінде кішкентай болған соң соттың соңына дейін бара алмадым. Енді тіріліп, өз өмірімді қолға алып жатырмын. Ешкімнен ұялудың қажеті жоқ. Сен қиналған кезде тамыр-танысың ешкім көмектеспейді. Әке-шешеңнен баска ешкімнің бүйрегі бұрмайтынын байқадым. Қазіргі заманда заңмен бәрін шешуге болады. Тіпті болмай бара жатқан жағдайда эфирге шығып бүкіл халық алдында айтсын. Онда тұрған ештеңе жоқ», — дейді жас қыз. 

Қайғылы жағдай орын алған түн туралы Қызғалдақ:

«Менен кеткен ең үлкен қателік сол кеште кездесуге шыққаным болды. Себебі олар мені зорлауды бұрыннан ойластырып жүрген болуы керек. Бұған дейін де малымызды өлтіріп, маған смс-пен жазып жіберетін. Осы жолы шықпасаң шөбіңді өртейміз деп қорқытты. Мен содан қорқып шыққан едім. Кешкі сағат сегіздердің шамасы, қаңтар айы, дала суық еді. Біраз әңгімелесіп тұрған соң жаураған шығарсың, машинаға отырайық деді. Ойымда ешнәрсе жоқ, отырған соң, алып кетті. Ол кезде Елмұрат деген жігіт бір өзі болды. Көрші ауылға барып бір үйге түсірді. Кірмеймін деп қарсыласқаныма қараған жоқ, көтеріп алып кірді. Үш жігіт зорлап жатқанда мен не болып жатқанын түсінбей, есімді жоғалттым.  Зорлап, ойларына келгендерін істеп, бір таксисті шақырып мені үйіме апарып тастады», — деп еске алады. Таксистің апарып тастағаны туралы Қызғалдақ кейін іс қаралып жатқан бір-ақ білген. 

Осы іске қатысты Алматы қаласының адвокаттар алқасының мүшесі Альбина Бақтиярқызы мынадай тұжырым айтады. 

«Біз Райымбек аудандық сотқа істі қайта қарау туралы өтініш бердік. Менің ойымша бұл жерде квалификация о баста дұрыс болмаған. Өйткені іс екі тараптың келісімімен қысқарған дейді. Бірақ зорлау аса ауыр қылмыс болған соң арада қандай келісім болса да заң жүзінде бұл іс қысқармауы керек еді. Мысалы бұл іс 120-бап болуы керек, яғни зорлау әрекеті. Бірақ 122 баппен іс қысқарған деп ойлаймын. Бұл бап бойынша егер Қызғалдақ өз еркімен жыныстық қатынасқа түссе, екі тараптың келісімен істі жабуға болады. Алайда олай емес қой. Сол үшін бұл істің немен тынарын нақты айту қиын», — дейді Қызғалдақтың қорғаушысы.

stan.kz