Қазақстанда төтенше жағдай режимінде түрмеден 300-ге жуық адам босатылды — Қазақстан жаңалықтары
Қазақстанда төтенше жағдай режимі кезінде түрмеден шамамен 300-ге жуық адам босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Төтенше жағдай режимі кезінде сотталған 322 адам босатылды. Оның ішінде 282 адам қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің ілесіп жүруімен тұрғылықты жеріне жеткізілді. Қалғаны туған-туыстарымен кетсе, кейбірі әлеуметтендіру орталықтары мен қоғамдық пансионаттарға орналастырылды», — деді комитет төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев.
Түрмеден босатылған адамдарды үйіне жеткізіп тастау туралы шешім карантин кезіндегі қозғалыстың күрделенуіне байланысты және коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін қабылданған.
«Сонымен қатар оны түрмеден тікелей жібере салса, бөтен қалада жұмыссыз қалып, қылмысқа қайта баруы мүмкін еді. Айта кетерлігі, ҚР ішкі істер министрінің бұйрығымен қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ТЖ уақытында бостандыққа шыққан адамдарды жеткізіп салу бойынша арнайы алгоритм бекіткен еді. Ол әлі де күшінде. Ең бірінші кезекте олардың бақылау-өткізу пунктінен өту тәртібі мен өңірлердегі жедел штабтармен бірге алып жүру бағдарлары ретке келтірілді. Босатылғандарға ілесіп жүруге пробация қызметінің мамандары тартылды. Олар өз өңіріндегі бақылау-өткізу пунктінің шегінде ілесіп жүрді. Жолда түрмеден шыққан азаматтар тамақпен және қорғаныс құралдарымен қамтылды», — делінген комитеттің хабарламасында.
Шығыс Қазақстанда бостандыққа шыққан 187 адам пробация қызметінің көмегімен үйлеріне кедергісіз оралған.
stan.kz