Қарақат Әбілдина анасы жайлы: Ойламаған жерден, еш ауырмастан, төсек тартып жатпастан, үнсіз кете барды — Қазақстан жаңалықтары
Асыл анасынан айырылған Қарақат Әбілдина анасына арнап жазба қалдырды. Ауыр қазадан соң енді ес жиған әнші көңіл айтқан барша қазаққа алғысын айтты.
Бұл туралы әнші Instagram парақшасында жазды.
«Асыл анам-ай! Ардақты Анаға жетер жан бар ма, бұл жалғанда… Адам Анасынан қанша жасында айырылса да жетімсірейді екен ғой… Менің бойымда қандай бір игі қасиет болса,анамнан дарыған еді ғой… Адалдықтың,мәрттіктің ,тазалықтың үлгісі еді ғой… ‘Жарыңа қызмет ет, азаматың-Алладан кейінгі әміршің”-деп үйреткен де аяулы анам еді ғой… Әкеме деген құрметі — ұрпағы үшін өмірлік сабақ еді ғой… Қасиетіңнен айналайын -ай.
Ойламаған жерден, еш ауырмастан, төсек тартып жатпастан, үнсіз кете барды… Соңғы уақытта Алладан: «Ешкімге салмағымды түсіріп,бақпалы болмасам екен, бір адамдай өмірді көрдім,ризамын,бала-шағамның алдында алсаң, арманым жоқ», — деп жиі айтып отырушы еді… Жаратқан сол тілеуін қабыл етіпті…. Қасиетті рамазан айының соңғы он күнінде шын мекеніне қайтты, қасиетті қадыр түні жамбасы жерге тиді… Көңілге медет осы… «Рамазан айының алғашқы он күні- мейірім, екінші он күні- кешірім, ал соңғы он күні — тазару күндері» деген хадисте. Ендеше тіршілігінде адам баласына зиянын тигізбеген Жан Анам Алла алдына аппақ боп тазарып барса, бүкіл жақсылықтары алдынан шықса деп Жаратқанға жалбарынам…
Жәннаттың барлық есіктері ашық, тозақтың бүкіл есіктері жабық болатын мүбарак айда мәңгілікке сапар шеккен анашыма Жұмақтың төрі — Фирдаустан орын бұйырсыншы деп жалбарынам.
Перзенттік парызымды өтеу мүмкін емес, әрине, десе де, көзі тірісінде барынша қызмет етуге, бар жақсыны беруге тырыстым, еш қарсы келмедім, әкемнің де, анамның да тек ақ батасын алдым, Аллаға сансыз шүкір.«Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр», — деді ол.
Әнші көңіл айтқан ағайын-туыс, құдаларына, барша қазаққа алғысын айтты.
«Маған көңіл білдіріп жатқан барша халыққа алғысым шексіз! Ауылда да карантинге қарамастан ағылған жұртта қисап болмады. Алла разы болсын. Барша туған-туыс, дос-жаран, құда-жекжат, таныстарға рахмет айтам. Дұғаларыңызды Алла қабыл еткей! Ата-ана деген ең аяулы жандар, көзі тірісінде бағалай біліңіздер, олармен өткізген әр сәт шексіз қымбат екен. Қимасым, асылым, ардақтым, Алла алдыңнан жарылқасын!», — деп жазды Әбілдина.
Өнердегі әріптестері тағы да басу айтып, шын жүректен қайырлы болсын деп жатыр.
«Айналайын, Қарақат анашыңның жатқан жері жарық болсын.Анадан айырлан кезде дүние босап қалатыны рас қайғыңа ортақпыз.Сен енді есейдің өйткені анаң бар кезде көңілің тоқ, арқа сүйейтін тілеуіңді тілеп отыратын тілекшің бар екені жүрегіңе сенім беретін. Енді дүние босап жапан далада жалғыз қалғандай сезімде боларсың.Аллаға шүкір қасыңда қожайының мен бала- шағаларың бар , тəубə. Енді отбасыңда қайғы болмасын, аман бол алтыным», — деп жазды Жеңіс Ысқақова.
stan.kz