Президентпен кездесуі өмірін өзгерткен жандар

0
01 Желтоқсан 2018, 09:45 309 0

Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ халқы ырымшыл халық. Өмірімізде болған оқиғаларды немесе кездесулерді жақсылыққа жорып, ырымдап жатамыз. Осындай жандардың қатарына ҚР Тұңғыш Президентімен бірнеше рет кездесу бұйырған қызылордалықтарды жатқызуға болады.

Жыршы Руслан Ахметов Елбасымен алғаш рет 1998 жылы кездескен.

«Мен ол кезде 22 жаста едім. Облысқа арнайы іссапармен келген Мемлекет басшысының алдынан арнау айтып шықтым. Жанында сол кезеңде кеңесші қызметін атқарып жүрген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев бар екен. Сол күн мен үшін қиындығымен, әрі толқынысымен есте қалды. Өнер жолында әлі кемеріне толмаған, пісіп-жетілмеген жігіттің тау тұлға алдында арнау айтуы – үлкен жауапкершілік. Қиын деуімнің себебі – сол. Бір жағынан, Елбасының алдында өнер көрсету бақытының маған бұйырғанына қатты қуандым. Сол күн мен үшін ұмытылмастай болды. Себебі, бір сәтте қобалжу, толқу, қуаныш, қорқыныш сезімдерін жүрегімнен өткіздім», – дейді ол.

Руслан Ахметов Тәуелсіздіктің 10 жылдығында екінші мәрте арнау айтқан. Сосын 10 жылдан кейін Елбасы Қызылорда облысына сапармен келгенде тағы да домбырамен ән шырқаған.

«Ұйымдастырушылардың тапсырмасы бойынша 30 минут жыр айтуым керек. Жырымды айттым. Межелі уақыт біткенде Елбасы тағы да маған жарты сағат жыр айтуымды сұрады. Осы сәтте ол кісінің өнерге деген құштарлығына шексіз риза болдым. Өнер көрсетіп болған соң, Нұрсұлтан Әбішұлы маған бұрылып, арқамнан қағып, тілеулестігін білдірді. Төбем көкке жеткендей болды. Былтыр ғана ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында өткен ауқымды шарада Елбасымен тағы да жүздестім. Арнау айттым. Сыр жұртшылығының ыстық ықыласын жырға қостым. Міне, мен осылайша Елбасымен бір емес, бірнеше мәрте, нақтырақ айтсам сегіз рет кездесу бақытына ие болдым», – дейді Руслан Ахметов.

Ал Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз хатшысы Светлана Крюгер Елбасымен 2005 жылы сәуір айында кездесіпті.

«Менің өмір тарихымда алтын әріптермен жазылып қалатын күн. Сол жылы облысқа сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауына облыстың барлық студент жастарының атынан қатыстым. Есімде, кездесуде Елбасына «Болашақ» бағдарламасының жастарға берер мүмкіндігі жөнінде сұрақ қойдым. Сонда Мемлекет басшысы сауалыма толық әрі нақты жауабын берді. Елбасының жастарға деген ықыласы ерекше. Одан кейін де Елбасының қатысуымен өткен бірнеше шараларда болдым. Пікірін, тұщымды ойын тыңдауға мүмкіндік алдым», – дейді Светлана.

«Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманова да Тұңғыш Президентпен жүздесуді армандағандардың бірі.

«Елбасымен кездесесің» деген жаңалық менің өмірімді кенеттен жаңа арнаға бұрып жібергендей болды. Қуаныштан сенер-сенбесімді білмедім. Кейін тағы да сол күнді ойлап, біраз қобалжып, уайымдағаным бар. Бала күнімде Елбасымен кездессем екен деп көп армандаушы едім. Адам алдына мақсат қойса, армандай білсе, бәрі де іс жүзінде жүзеге асатынына көзім жетті. Ал, менің бала арманым 2017 жылы Тұңғыш Президент күні қарсаңында орындалды. Елбасының ыстық ықыласын, қолдауын сезіндім. Аталмыш жобаның қорытынды кешінде Мемлекет басшысымен суретке түсерде ол кісінің жанында тұрдым. Суретке түсіп болған соң, бізбен пікірлесті. Бұл кездесу ерекше оқиға ретінде менің есімде мәңгілікке сақталып қалары анық», – дейді Сымбат Әбдрахманова.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ