Көлігінің үстіне қыздарды отырғызып, Нұр-Сұлтанда серуен құрған жүргізуші видеоға түсіп қалды — Қазақстан жаңалықтары
Нұр-Сұлтан полициясы елордалық жүргізушіні мас күйінде көлік жұргізгені үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 24 мамырда сағат 04:30-да елорданың орталық саябағының тұрағында болды.
Құқық бұзушы Lexus LX 570 көлігінің 24 жастағы жүргізушісі болған.
«Бүгін әлеуметтік желіде екі қызды Lexus LX 570 көлігінің төбесіне отырғызып алған жүргізуші бейнеленген видео тарады. Қалалық полиция қызметкерлері жас жігітті ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 608-бабы 1-бөлімі бойынша жауапкершілікке тартты. Әкімшілік соттың қаулысымен жүргізуші 15 тәулікке қамалды», — деді Нұр-Сұлтанның полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Енді құқық бұзушы жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды, ал көлігі айып тұрағына қойылды.
Сонымен қатар, 2000 және 2001 жылы туған Lexus жолаушылары қозғалыс кезінде терезе ойықтары мен люктерге шығып кеткендігі үшін әкімшілік жаза алды. Оларға қатысты 615-баптың 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды (жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жол қозғалысы ережелерінің талаптарын орындамауы).
stan.kz