Нұр-Сұлтанда сауда орталықтарындағы мейрамханалар мен дәмханалар ашылады
50 адамнан аспайтын орынға есептелген кейбір мекемелерге жұмыс істеуге рұқсат беріледі, деп түсіндірді әкімдік қызметкерлері
НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. 25 мамырдан бастап Нұр-Сұлтанда жобалық қуаттылығы 50 орыннан аспайтын дәмханалар мен мейрамханалар ашылады. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиева хабарлады.
«Жобалық қуаттылығы 50 орыннан аспайтын дәмханалар мен мейрамханалардың жұмысын жандандырудың шарты – залдағы орын саны 50-ден аспауы тиіс. Келушілер орындар санына сай болуы керек, олар іргелес үстелдердің соңғы орындары арасындағы кем дегенде екі метр әлеуметтік қашықтықты сақтауы қажет», — делінген санитар дәрігердің қаулысында.
Оқи отырыңыз: Астаналық оқушылар жазда қайда демалады – білім басқармасы жауап берді
Сонымен бірге ұжымдық іс-шаралар өткізуге және банкет, салтанат залдарының жұмысына тыйым салынады.
Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан тілшісіне сауда және ойын-сауық орталықтары ғимаратында орналасқан кейбір мекемелерге жұмыс істеуге рұқсат етілетінін айтты. Елорда сауда орталықтарындағы фудкорттар әзірге жұмыс істемейді.
sputniknews.kz